- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Кедендік Одақтың құрылу перспективалары» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
05.06.2009Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Кедендік Одақтың құрылу перспективалары: Қазақстан, Ресей, Белорусия» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференция Сочиде өткен ЕурАзЭҚ қорытынды саммитіне арналады. Саммитте Қазақстан, Белорусия, Ресей елдерінің хатшылар алқасы одақтың құқықтық қорын құру жөніндегі ортақ құжатқа қол қойған болатын. Одақтың құрылуына мұрандақ болған негізгі үш мемлекет: Қазақстан, Ресей және Белорусия. Кейіннен басқа мемлекеттер де қатарға қосылады деп жоспарлануда.
Шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікті зерттеу жөніндегі ақпараттық-аналитикалық орталығы, Қазақстандағы М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың бөлімшесі ұйымдастырған болатын.
Кеден одағын құрудағы басты мақсат - мемлекеттер арасындағы кедендік саладағы жұмыстарды жеңілдету. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бағалауынша, теміржол тарифтерін жөндеу жөніндегі мәміле үш мемлекеттің арасындағы тауар және жүк айналымдарын 30 пайызға арттырады. Сарапшылардың мәлімдеуінше тауар және жүк айналымдары әрі қарай өсетін болады.
Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Қазақстан, Ресей және Белорусияның атақты саясаткерлері мен сарапшылары, ғалымдары мен кедендік құқық саласының білікті мамандары қатысты.
Жиынды ЕурАзЭҚ Жауапты хатшысының орынбасары Мұрат Мұсатаев ашты. Оның жасаған баяндамасы еуразиялық кеңістіктің өзекті интеграциялық мәселелеріне арналды. Сондай-ақ ғылыми қауымдастықтың аталмыш оқиғаның өзектілігін ескеріп, жедел түрде конференция ұйымдастырғанына алғысын білдірді. Конференцияда талқыланған мәселелер мен жасалған ұсыныстардың саясаткерлер үшін маңызды екендігі де айтылды.
Пленарлық мәжілісте М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікті зерттеу жөніндегі ақпараттық-аналитикалық орталығының бастығы және ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Сараптама кеңесінің мүшесі Алексей Власов; Кедендік жұмыс және шекара мәселелері жөніндегі департаменттің кеңесшісі Сәуле Пірімбетова; Қазақстандағы М.В. Ломоносов атындағы ММУ бөлімшесінің директоры Александр Сидорович; «Вестник СНГ» ақпараттық-сараптамалық агенттігінің бастығы Исмаил Агакишиев баяндама жасады.
- Бүгінгі жаһанда Еуразия кеңістігінде экономикалық интеграцияның маңыздылығы артып келеді. 2008 жылы тауар айналымы 26,4 пайызға артып, 123 млрд. АҚШ долларды құрады. Биылғы жылдың ақпанынан бастап мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ-тың Антидағдарыстық қорын құру жөнінде ортақ мәмілеге келді. Сонымен қатар экономика саласының әр түрлі тармақтарында инновациялық технологияларды енгізу үшін Жоғары технологиялар орталығын құру жоспарлануда. Аталмыш одақты құруда атсалысып келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне алғысымызды білдіре отырып, болашақта қарым-қатынасымыз нығая түсетіндігіне сенеміз, - деді өз сөзінде Сәуле Пірімбетова.
Конференция қатысушылары бірауыздан ТМД елдеріндегі ықпалдасу үдерісі кең етек жаятындығын айтты. Себебі олар әлем шаруашылығының торына тәуелді. Алайда, олардың ынтымақтастығы екі факторға негізделеді: біріншісі, объективті шарттар - мемлекеттердің экономикалық жағдайы; екіншісі, субъективті факторы - мемлекет басшыларының саяси ұстанымына байланысты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі