Жаңалықтар

ҚазҰУ саясаттану мектебінің ғылыми дәстүрі және мұрасы

11.06.2009

2009 жылдың 28 мамырында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен ІХ Мұстафин оқуларының аясында «Әлемдік интеграциялық процестердің даму шартындағы Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясаты» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш шара ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойына арналады.

Конференцияда талқыланған мәселелер саяси тақырыптың теориясын талқылап қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістерде іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Жиында қарастырылған мәселелер: қазіргі саяси әлемдік тәртіпті ұлттандыру және жаһандық өзара байланыс призмасында талдау; интеграциялық процестердің маңызды факторы ШЫҰ, еУРаЗэқ, асөшк қатысушы-мемлекеттерінің сыртқы саясатының негізгі міндеттері, қызметі мен басымдықтары; қазіргі Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты: мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалаудың қазіргі кезеңдегі ерекшеліктері, азаматтық қоғам мен жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» жолдауында айтылған антикризистік бағдарламаны орындау, мемлекет имиджі және оның интеграциялық процестердегі рөлі және т.б.;

ҚР Білім және ғылым министрлігі ҒА Философия және саясаттану институтының директоры А.Н. Нысанбаев саясаттану факультетін жоғары білікті мамандардың шоғырланған ұстаханасы, әрі отандық саяси ғылымның қалыптасатын ғылыми орталығы деп бағалады.

Пленарлық мәжілісте саясаттану кафедрасының меңгерушісі Л.М. Иватованың атап өткеніндей факультет Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саясатының білікті мамандарын дайындауда еңбегі орасан зор.

Конференцияда АҚШ-тың профессоры Дэвид Плоткенің Барак Обама әкімшілігінің сыртқы саяси артықшылықтары жөнінде жасаған баяндамасы жиналған қауымның назарын баурап алды. Саяси ғылымдарының кандидаты, доцент Ш.Ә. Әмірбеков Қазақстан мен Ресейдің саяси жүйесіне салыстырмалы түрде талдау жасады. ҚР премьер-министр орынбасарының кеңесшісі Ғ.М. Матаев баяндамасында Қазақстандағы орта таптың үрдістері мен қалыптасу проблемаларын көтерді. Азиядағы өзара әрекет ету және сенім арттыру кеңесінің бастығы А.Б. Шабарбаева осы хатшылықтың жұмыс бабымен таныстырып өтті. Қазақстан Республикасындағы демократиялау үдерісіндегі ұлттық құрылыстың аспектілері жөнінде ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ғылыми жетекші қызметкері Е.Т. Сейілханов айтып берді.

Конференция жұмысы табысты болды. Сонымен қатар жиында марқұм Тілеміс Тілеуқабылұлының жұбайы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Дәулетбақова Мәриям Ілиясқызы жиылған қауымға алғысын білдірді.

- Жыл сайын ұйымдастырылатын Мұстафин оқулары отандық және шетел саясаттанушы-ғалымдардың дәстүрлі жиынына айналды. Аталмыш конференция отандық саяси ғылымның дамуына үлес қосып, Қазақстандағы саяси зерттеулердің жаңа бастамаларына жол ашты, - деді жиын барысында философия және саясаттану факультетінің деканы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шәукенова.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі