Жаңалықтар

Мектеп үздіктері ҚазҰУ басшылығымен жүздесті

23.06.2009

9 маусымда ҰБТ-да 115 балл жинаған Алматы қаласының 10 мектеп түлектері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың проректоры Мұрат Орынхановпен кездескен болатын.

Университет қонақтары деп отырғанымыз ҚазҰУ-да өткен ҰБТ-ның алғашқы күнінде емтихан тапсырған Бостандық ауданы орта мектептерінің үздік оқушылары. ҰБТ-ны тапсырғанда ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұловтың «ҚазҰУ-дың қабырғалары да көмектеседі!» деген сөзі жас түлектерге демеу болыпты.

ҚазҰУ қабырғасында қаншама зиялы қауым ілім алып шықты, киелі жердің ырысы ҰБТ тапсырушыларына да әсер етпей қоймады. Ең жоғары көрсеткішті 125 балл жинаған №23 мектептің оқушысы Анна Меньшова болды. Сондай-ақ 119 балды Эллина Михайлова, 116 балды Жолдас Саханов, 115 балдан Акулина Ляпунова, Татьяна Попова және Дәмелі Исаева жинады.

Оқу жұмысы жөніндегі проректор Мұрат Орынханов жас түлектерді ҰБТ-дан сүрінбей өтулерімен шын жүректен құттықтап, жылы шыраймен қарсы алды. «Сіздер алғашқы жетістіктеріңізбен бізді таң қалдырдыңыздар. Алдарыңызда әлі өмір жолының жаңа бір күрделі белесі күтіп тұр. Ол таңдау жолы. Егер диплом алғыларыңыз келсе онда кез-келген университетке тапсырсаңыздар болады, ал жақсы жұмысты тек ҚазҰУ-да ғана табасыз», - деді сеніммен Мұрат Орынханов.

Болашақ мамандықтарын таңдау ісінде мектеп бітірушілер аса зор жауапкершілікпен қарады. Дұрыс таңдау жасау үшін түлектер жетекші университеттің білікті өкілімен кездесіп, көкейде жүрген сауалдарын қойып ақыл сұрады. Алуан түрлі сұрақтар қойылды. Мәселен, таңдаған мамандықтарының байқауы қалай өтеді, оқу бағдарламалары, шетелде тәжірибе алмасу, үздіктердің оқу ақысын төлеуіне жеңілдіктер жасау, Студенттер сарайында арнайы үйірмелерге қатысу және т.б. Бірақ ең бастысы - оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа тұру мәселесі кеңінен талқыланды.

Әзірше ҚазҰУ қонақтары, кейіннен университет студенттері атанатын түлектер аталмыш кездесуден риза болып қайтты. Кездесу барысында университеттегі оқу жұмысының бас «кураторы» жастарға бар жақсылықты тілеп, жеке өз тарапынан ЖОО-ның ішінде ҚазҰУ-ды таңдайтын болса оқу жылының аяғына дейін бас-көз болатынын мәлімдеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі