- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Нәтиже беретін білім керек!»
23.06.2009Алғаш рет қазақстандық талапкерлердің тәжірибесінде 250 грант үміткері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қонақтады. Олардың барлығы дерлік ҚазҰУ-ға оқуға тапсырмаса да, ең бастысы өміріндегі күрделі шешімнің бірі - болашақ мамандықты таңдауда университет өз тарапынан барынша қолдау көрсетуге тырысты.
Университет қонақтары деп отырғанымыз ҰБТ-да 90 балдан жоғары жинаған Алматы қаласы Бостандық ауданының орта мектеп түлектері. Кіре берісте әр мектеп түлегіне ҚазҰУ-дың ақпар-кітапшасы мен шақыру хаты таратылды. Біраз уақыттан кейін оқушылар өздеріне керек-ау деген факультеттердің алдында тұрып, көкейінде жүрген сұрақтарды декандарға қойып жатты.
Оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Орынханов жас қонақтарды қарашаңырақ қызметімен таныстырып, университет дипломының шетелде бағаланатындығын, дүниежүзіндегі жетекші ЖОО-мен әріптестік қарым-қатынастарының арқасында студенттер тәжірибе алмасуға мүмкіндіктері барын айтты. «Бізде бәрі қамтылған. Ең алдымен, университеттің бетке ұстар - жоғары білікті оқытушы-ғалымдар құрамы, 14 факультет, колледж, 20 ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми кітапхана, республика бойынша жалғыз Студенттер сарайы, әскери кафедра. Сондай-ақ туған жерін, ғылымы мен қарашаңырақ университетін сүйетін, әрі өз шешімін дұрыс санайтын он алты мың студенттер қауымы бар», - деді М. Орынханов оқушылармен әңгімелесе отырып.
Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Болат Мұхамедиев университетке қабылдау ережелерімен таныстырып, биылғы жылға бөлінген грант орындары мен оқуға тапсырған жағдайда ҚазҰУ-дың Пәндік олимпиадаларына қатысқандар үшін жеңілдіктер жасалатындығын мәлімдеді.
Кейіннен сөз кезегі ЖОО-ның ішінде Қазақ ұлттық университетін таңдаған талапкерлерге берілді. Мәселен, Ш. Уәлиханов атындағы гимназия мектебінің түлегі Нұрсұлтан Дәулетов ҚазҰУ-дың экономика және бизнес факультетін таңдапты. Ол экономистер әулетінен шыққандықтан, осы дәстүрді жалғастырмақшы. Атасы 30 жыл бойы бас бухгалтерлік қызметте, ал әкесі аудитор қызметінде еңбек еткен. Сондықтан атасы мен әкесінің ақылына құлақ асып Нұрсұлтан өз таңдауын жасаған болатын. Әкесінің айтқанындай, жұмыста кәсіби тәжірибеден өтуге келген студенттердің ішінен ҚазҰУ-дың түлектері білімі мен біліктілігінің арқасында көзге бірден түседі екен.
Шығыстану факультетінің үздігі Галина Неверная да талапкерлердің таңдау жасауына демеу болды. «Осыдан бірнеше жыл бұрын маған да күрделі таңдау жасау керек болды. Ол - сапалы білім беретін жоғары оқу орынды таңдау. Жақында университетті тәмамдайын деп отырмын, осыған орай кезінде жасаған таңдауымның дұрыс болғанына көзім жетті. Университетте алған тәлім-тәрбиенің арқасында Қытай Ұлттық Мұнайгаз Корпорациясында тәжірибеден өтіп, қазір сол жерден жұмыс ұсынып отыр», - деді сөз барысында университет түлегі.
Түлектер көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сұрақтар негізінен студенттердің Қазақстанның жетекші компанияларында тәжірибеден өтуге және жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне арналды. Оқу жұмысы жөніндегі департаменттің директоры Гүлнар Балақаеваның мәлімдеуінше ҚазҰУ түлектеріне жұмысқа орналасу мәселесі қиындық тудырмайды. Себебі Қазақ ұлттық университетінде сапалы білім ала отырып, жетекші компаниялар мен өндіріс холдингтерінде, сондай-ақ банктер мен мемлекеттік құрылымдарда жиналған тәжірибені іс жүзінде қолдануға мүмкіндік бар. Мұндай мүмкіндік студенттердің жұмысқа орналасуына және жұмы берушілерді қызықтыруға лайық деп санайды университет басшылығы.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі