Жаңалықтар

Ертегі әлеміне саяхат

12.08.2009

18 шілдеде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойы қарсаңында университеттің Ыстықкөлдегі спорт-сауықтыру лагерінде жазғы ең көңілді «Нептун күні» мерекесі аталып өтті. Бұл шараны ҚазҰУ-дың «Парасат» қызметкерлер кәсіподағы, Студенттер клубы, «Сұңқар» студенттер кәсіподағы ұйымдастырды.

Оқу орын басшылығы атынан Зұлхайыр Мансұров қатысып, ректордың сәлемін жолдады. Ыстықкөл жағалауы лагеріндегі 300-ден астам демалушылардың көбі университеттің жеңілдігі бар жолдамасымен барған үздік және белсенді студенттер.

Мерекенің құрметті қонақтарының қатарында жыл сайын журналистика факультеті Ыстықкөлде өткізетін журналистерді оқытатын халықаралық жазғы мектептің мұғалімдері Людмила Адилова мен Нейля Маликова бар. «Нептун күні ТМД елдерінде көпшілік боп тойлайтын мереке. Біз үшін бүгінгі мерекенің ерекшелігі сонда қазақы Нептун күнінің қырғыз жағалауында өткізілуі. Міне, достастық елдердің достығы осындайда байқалады» дейді ресейлік әріптестеріміз.

- Биыл мерекелік шараға ұлттық реңк беріп, аңыз кейіпкерлерін қазақ ертегілеріндегі ұқсас аттарды қойдық. Бұл өте қызықты болды және барлығының көңілінен шықты. Көңілді демалыс денсаулықты жақсарту мен ұжымдық серпілісті оятқан шара болды, - дейді аталмыш шараның ұйымдастырушысы Гүлнар Әлібекқызы.

Су сұлулары қонақтарды салтанатты түрде қарсы алып, төрдегі сахнада әсем әннің сүйемелдеуінде көңілді бимен шығарып салулары ерекше әсер қалдырды. Денешынықтыру кафедрасының ұстаздар қауымы мен белсенді студенттердің қатысуымен көпшілік қауым назарына бала кезден таныс аңыз бен ертегі кейіпкерлерін сахналаған қойылымнан үзінділер көрсетілді. Университеттің «Фараби сазы» оркестрі, «Бақыт» би тобы сынды көркемөнерпаздар үйірмесі концерттік бағдарламасын ұсынып, «Сенсация» және «ҚазҰУ құрамасы» тобының көңілді тапқыштары әзілмен әрлеп отырды. ҚазҰУ қонағы Елордадан келген Еуразия ұлттық университетінің көңілді тапқыштар клубы Ыстықкөлде туған әзілдерін айтып, демалушылардың көңілін көтерді.

Мерекелік шараға қатысқан 3 курс студенті Жанат Қасымбек: «Қызығы мен шыжығын бірге бөліскен ҚазҰУ-дың өршіл студент жастары ғана емес, көршілес жатқан қырғыз елін таңқалдыруы біздің абыройымыздың асқақтағанының белгісі болса керек. Олардың актерлық шеберліктері шет елден келген қонақтарды да тәнті етті. Көрермендерге күлкі сыйлаған қойылым желісінде әр жастың өнері танылды», - дейді өз ойын ортаға салып.

Керемет күннің қорытындысы ретінде білім ордасы мен су патшалығы арасында «Көңілді келісім шарт» жасалып, екіжақты қол қойылды. Келісімшартта ҚазҰУ студенттері мен қызметкерлерін жыл сайын Ыстықкөл жағажайына демалуға, қазақ тілін үйренуге барлық жағдайлар жасалуы тиіс делініп, Өзенбаев Нептун жыл сайын біздің студенттерді құшақ жая қарсы алуға келісті. Осы ресми-биресми келісімнен соң жазғы шомылу маусымын лента қию салтанатымен ашты. Қош келдің, жайдары жаз!

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (727) 377-35-20