- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ студенттер жасағының жиыны
12.08.2009Жаз мезгілінің аяқталысымен студенттік құрылыс жасағы да өзінің жазғы жұмысын тәмамдады. Биылғы мерейтойлық шара ҚазҰУ-дың 150 студенттік жасағы үшін аса мәнді өтті. Алға қойылған талаптарға жауап беріп қана қоймай, жұмыстарын үздік атқарып шықты.
2009 жылдың 1 тамызында мемлекеттегі бірегей студенттер кешені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Студенттер құрылыс жасағының (СҚЖ) жиыны өтті.
Жиынды университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов ашып, СҚЖ-ның атқарған жұмыстарына ризашылығын білдірді. Биыл СҚЖ-ның құрылғанына 60 жыл толады. 90-жылдары студенттер қозғалысы ұмыт қалған-ды. Алайда, былтыр ҚазҰУ-дың басшылығы бұрынғы дәстүрді қайта жаңғыртып, студенттер арасында кеңінен таратуды жөн көрді. «Университетімізді өз қолымызбен саламыз!» деген ұранмен студенттер талай жұмысты атқарып тастады. «Туған қара шаңырақтарың үшін еңбектеніп жүргендеріңді көре отырып, болашақта университеттің тірегі де, жүрегі де сендер болатындарыңа күмәнім жоқ!» деді өз сөзінде Бақытжан Жұмағұлов.
Жаздың басында ҚазҰУ алаңында университеттің 75 жылдығына арналған СҚЖ-ның мерейтойлық еңбек семестрі басталған болатын. Содан бері студенттер талай жұмысты атқарып тастады. Жазғы семестрде олар университеттің 100 гектар жерін тазалады. Жасақ сарбаздарының атқарған қызметі: 618 машина қоқыс шығарылды, 4 000 дана ағаш әктеліп түптелді, 2 000 қураған ағаш кесілді, 400 дана ағаш таспен қоршалды. Территория аумағында 3 000 метр арық тазаланды, 2 700 м2 жер тырмаланып, аударылды, 58526 м2 жердің шөбі шабылды, 3 5002 газон егілді, 50 м2 плита түзетілді, 70 м2 асфальт төселді, кіші футбол, баскетбол, волейболға арналған 3 спорт алаңы салынды. Алайда студенттер үшін ең маңызды оқиға университетте салынып жатқан жаңа ғимараттардың құрылысына өз үлестерін қосу еді.
Алматының қорық белдеуіне айналған КазГУград саябағын көркейтуде 150 сарбазды қамтитын 13 жасақтың еңбегі зор. Студенттер жұмыс барысында университет қалашығының аумағындағы жаңа көрікті жерлерді тауып, ашқан жаңалықтарына өздері де аң-таң болды. Мәселен, студенттер кезекті еңбек семестрінде сутоғаны бар жаңа орманды жерді тауып алды. Осы қорықта үш алаң жасақтап, орманды жерді шағын ойын-сауық демалыс кешеніне айналдырды. Сондықтан студенттер құрылыс жасақтың кезекті жиынын осы алқапты жерде өткізуді жөн көрді.
Жасақтың қорытынды есеп беру шарасы әнмен әрленген, бимен безендірілген, күймен көмкерілген керемет мерекеге ұласты. Салтанатты түрде «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан «Үздік жасақ», «Үздік командир», «Үздік жауынгер» номинацияларының жеңімпаздарын марапаттап, Ыстық көлге жолдамалар табысталды. Номинациялар бойынша «Ең үздік жасақ» - халықаралық қатынастар факультетінің жасағы, «Үздік командир» - журналистика факультетінің студенті Азамат Тұралиев, «ҚазҰУ жасағының үздік сарбазы» -биология факультетінің студенті Әлішер Мырзақұлов атанды.
Марапаттау рәсімінен кейін жиналған қауым гуманитарлы және жаратылыстану факультеттерінің екі құрылыс жасағы: «физиктер» мен «лириктер» КВН командаларының өнерін тамашалап, көңілдерін көтерді. Сонымен қатар алаңда спорттық жарыстар, ас мәзірін дайындау байқаулары өткізіліп, өзінің заңды кезегімен жалғасын тауып жатты. Күндізгі көңіл күй кешкілік дискотекадағы ойын-сауыққа ұласты. Жасақ жауынгерлері келесі жылы да ҚазҰУ қалашығын гүлдендіруге ат салысып, қайта қауышуға серттесіп, қимастықпен тарасты.
«Бір-бірімізбен қимай қоштасып барамыз. Өйткені ҚазҰУ қалашығының студенттер жасағының құрамына енген күннен бастап, жақсы достасып кеттік. Тіпті, араларымызда жарасымды жұптар да пайда болып, күндізгі қалашықтағы жұмыстан соң, өз қолдарымен жасаған саябақта кешкі серуенге шығатын. Мұндай тамаша естеліктер биылғы жазды мәңгі есімізде қалдырады. ҚазҰУ-дың әр тасы мен әр түп ағашы біз үшін ыстық. Өйткені онда біздің қолтаңбамыз қалды. Біз мұны мақтан етеміз!» - дейді халықаралық қатынастар факультеті жасағының командирі Қартаева Сандуғаш.
Жалпы ҚазҰУ студенттер жасағының атқарған «жазғы семестрінің» нәтижесі аса табысты болды десек қателеспейміз. Сондай-ақ жасақтың еншісінде қоғамдық жұмыстар мен спорттық жарыстар бар. Мәселен, олар Ұлы Отан соғысында опат болған құрбандарды еске алу күнінде құлпытастар мен ескерткіштердің айналасын тазалады.
Мемлекеттің жоғары оқу орындарының алғы шептерінде тұрған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері жазғы еңбек семестрін «үздік» бағамен аяқтады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі