Жаңалықтар

Конституция күні қарсаңында ҚазҰУ қосымша грант орындарын бөлді

03.09.2009

26 тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов «Алтын белгі» иегерлері, сондай-ақ, республикалық және халықаралық байқаулар мен олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздарына университет грантының сертификаттарын табыстады.

Қазақ ұлттық университетінің басшылығы мемлекеттік грантқа ілікпеген сутденттерге университет грантын бөлуді ұйғарды. «Елбасы Н.Ә. Назарбаев талантты да жігерлі жастарды қолдау керектігін үнемі айтады. Бүгін ҚазҰУ-дың ғылыми Кеңесінің шешімімен Ата Заң күні қарсаңында студенттер қатарын көбейтіп, гранттарды табыстаудың өзі жақсылықтың нышаны іспетті. Еліміздегі қаржылық дағдарысқа қарамастан, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталып, орындалатындығын айғақтаса керек» деп атап өтті ректор мырза.

Қазақ ұлттық университеті биыл 2586 ең көп мемлекеттік грант алғандарды қабылдап, қабылдау науқаны тізімінің басында тұрғаны белгілі. Оның көп бөлігі «Алтын белгі» иегерлері, үздік аттестат және т.б. Алдын ала алынған ақпаратқа сәйкес, биыл ҚазҰУ студенттері қатарына «жоғары дәрежелі» 650 мектеп түлектері қосылды. Бүгін олардың қатарын ҚазҰУ грантының 23 иегері көбейтті. Қазақстан жоғары оқу орындары рейтингінің басында тұрған Қазақ ұлттық университеті үшін биылғы жыл талапкерлер «сапасының» жоғары болуы заңды.

Ректор грантына ие болған студенттер, олардың ата-аналары да ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.

«Біздің ұлдарымыз бен қыздарымыздың білімділігіне сенім артып, оқу грантын бөлген ҚазҰУ басшылығына алғысымыз шексіз. Соның арқасында балалардың еңбегі ақталып, болашақта олардан үлкен үміт артып отырмыз» деді ағынан жарыла сөйлеген Кипрде өткен халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері Қарлығаш Есімханованың анасы.

«Мектеп қабырғасында алған жақсы білімімнің зая кетпегендігіне қуаныштымын. Маған еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орынында тегін білім алуға мүмкіндік берген ҚазҰУ-ға шексіз алғысымды білдіремін» - дейді Шығыс Қазақстанның түлегі Милана Мустафаева.

ҚазҰУ грантын жеңіп алғандардың қатарында Астана, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Павлодар, Талдықорған, Өскемен, Шымкент және Алматы қалаларының үздік талапкерлері бар.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі