Жаңалықтар

ҚазҰУ грант орындарын көбейтті

03.09.2009

Биыл 75-жылдық мерейтойын атап өткелі отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқуға қабылдау науқаны кейбір талапкерлер үшін табысты болды. Атап айтсақ, олар ҚазҰУ-ға құжат тапсырған, алайда мемлекеттік грантқа қолы жетпеген «Алтын белгі» иегерлері, сондай-ақ, республикалық және халықаралық байқаулар мен олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары. Осы талапкерлер ҚазҰУ-дың оқу гранттарында оқитын болады.

Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұловтың шешімімен мемлекеттік оқу гранттарына балы жетпеген, алайда оқуға ынтасы жоғары талапкерлерді қолпаштап, сапалы білім алу мүмкіндігін беруге арналған.

Биыл алғашқы рет ҚазҰУ Қазақстан үшін қойылған жаңа тұжырымдама бойынша студенттер құрамасының сапасын арттыру жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Былтыр студенттер құрамасын таңдау ұстанымы жетілдірілді. Бұл ұстаным бойынша республиканың барлық аймақтарында арнайы жұмыстар жасалды. Қазақстанның 14 облысында ҚазҰУ-дың Пәндік олимпиадалары өтіп, университеттің ең үздік профессорлары мектеп бітірушілердің арасынан дарынды, зерек, ғылым мен шығармашылыққа икемді жастарды іріктеп алды. Аталмыш шаралар жоғары көрсеткішті нәтижелер берді.

Биыл ҚазҰУ-ға 2586 талапкер оқуға тапсырды, бұл университеттің жоғары оқу орындары арасында жетекші орын алып жатқандығының тағы бір дәлелі. Барлық факультеттерде студенттер санын көбейту жұмыстары жүріп жатыр.

Университеттің қабылдау комиссиясы биылғы жұмыстардың нәтижесі жоғары көрсеткіштерге ие болғандығын мәлімдейді. Осыған орай жаңа оқу жылында білікті мамандарды дайындайтын университеттің оқытушы құрамы талантты жастарға бар білгенін үйретіп, болашақта олардан сапалы мамандар шығатындығына зор үміт артып отыр.

Мемлекетте және шет елдерінде болашақ ұрпақтан білікті мамандарды дайындауда ҚазҰУ-дың талабы зор екендігін біледі.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі