- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ жаңа оқу жылын түлектер дәрісімен бастады
04.09.20091 қыркүйек - Білім күнін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 14 факультет пен колледждің танымал түлектерінің мәжіліс дәрістерімен ашты. Шет ел профессорлары мен сутденттеріне мұндай ауқымды дәріс оқу үйреншікті оқиға болғанымен, Қазақстан жоғарғы мектептерінің тәжірибесінде жоқ үлгіні Қазақ ұлттық университеті былтыр алғашқы боп ректор Бақытжан Жұмағұловтың ауқымды мәжіліс дәрісімен бастаған болатын.
Биыл осы дәстүрді университет түлектері жалғап, барлық факультеттерде ауқымды дәріс жүргізді. ҚазҰУ жаңа оқу жылын филология факультетінде Өмірзақ Айтбай, «Қазақ тілі» халақаралық қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі және Сейіт Қасқабасов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институының директоры, ҚР ҰҒА академигі; химия факультетінде Қосман Досымов, Д.В.Сокольский атындағы органикалық катализ институтының директоры, химия ғылымдарының докторы, профессор; заң факультетінде Ғалымжан Тоғызбаев, Алматы қаласының прокурорының бірінші орынбасары; халықаралық қатынастар факультетінде Қайрат Исағалиев, дипломатия ардагері; тарих факультетінде Мәлік Асылбеков, ҚР БҒМ тарих және этнология институтының қызметкері, ҚР ҰҒА академигі және география факультетінде Ахметқали Медеу, География институтының директоры, география ғылымдарының докторы, профессор; биология факультетінде Салтанат Байқошқарова, «Экомед» медициналық клиникасының директоры сынды ірі тұлғалар өз дәрістерімен ашты.
ҚазҰУ-дың ректоры, академик Б.Т.Жұмағұлов биыл өз дәрісін университеттің жетекші биология факультетінде оқуды ұйғарды. Университет құрылғаннан бастап ұйымдастырылған аталмыш факультет әрдайым басшылықтың ерекше назарында. Мұнда бүгінде 4 академик, 25 ғылым докторы, 55 ғылым кандидаты, 9 Phd докторы қызмет істейді. Еліміз бойынша осы салаға 1000 грант бөлінсе, соның 360-ы ҚазҰУ-дың биология факультетінде қалып отыр. Бұл өте жоғары көрсеткіш. ЖОО жетекшісі шәкірттер мен ұстаздар қауымын алғашқы білім күнімен құттықтай отырып, университеттің жетістіктері мен басымдықтарын атап өтті. «Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен білім ордасына ҚазҰУ қалашығы құрылысындағы екінші кезең жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соңғы бір жарым жыл ішінде 100000м2 аумағындағы жерге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Аталған толайым жаңалықтың барлығы соңғы 35 жылда істелген жұмыс көлемімен теңеседі. Президентіміз ҚазҰУ-ға баса назар аударып, көңіл бөліп отыр, сондықтан біздің де қажырлы еңбек етуімізді күтеді» деді.
«ҚазҰУ-дың әйгілі журфагында» қатарынан үш журналист дәріс оқыды. Талай тұлпардың тұяғын серпіген журфактың 3-залында «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамының президенті Жұмабек Кенжалин, «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин мен «Хит тв» телеарнасының президенті Қуат Домбай кеп, тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, физика факультетіне келген ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, профессор Бірлеспек Алияров өз дәрісінде Қазақстандағы электроэнергетиканың даму мәселелеріне тоқталды. Автордың өзі айтқандай профессор үшін бүгін қос қуанышы қатар келіпті: өзінің 70 жылдық мерейтойы күні ол өмір жолын жаңадан бастаған жас ұрпақпен қауышты.
ҚазҰУ-да керемет өткен білім күні өз істерінің мамандарына да, жаңадан келгендерге де өз пайдасын тигізді. Аға буынға өз университетінде лекция оқумен қатар, ордалы оқу орынның жаңа бірінші курс студенттерін қабылдау құрметті құқығы берілсе, жастар үшін кәсіби шеберлікті танудың даңғыл да жарқын жолында алдыңғы буынның батасын алу маңызды болды.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі