Жаңалықтар

ҚазҰУ-дың ең үздік түлектері туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі

15-қыр-09

17 қыркүйек, сағат 10.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Біздің элита. Наша элита» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізіледі.

Үздік бітірушілер туралы басылым Қазақстанның тұңғыш классикалық университеті - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ашылуына 75 жыл (1934-2009) толуына арналады және университет түлектерінің мемлекеттік басқаруға, білім мен ғылымның, мәдениеттің дамуына, инновациялық экономика мен заманауи бизнестің қалыптасуына қосқан интеллектуалдық үлесін бейнелейді.

Отандық білім берудің бренді ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды айқындайтын көрсеткіштердің бірі - бұл университет түлектерінің сұранысқа ие болуы. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны ретінде университетіміздің 120 мың маман даярлағанын атап өтудің өзі жеткілікті. Біздің түлектерімізді Қазақстанның, сонымен қатар әлемнің барлық елдерінен кездестіруге болады. Олар мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде, кәсіпорындарда, банктарда, фирмаларда, жоғары оқу орындары мен мектептерде, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларда, бұқаралық ақпарат құралдары мен бизнес-құрылымдарда қызмет атқарып жүр.

Кітапқа 225 мемлекет және қоғам қайраткерлері; ғылым дамуына үлес қосқан танымал ғалымдар; Ленин, СССР Мемлекеттік сыйлықтың, ҚР үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасы мен атаулы сыйлықтардың иегерлері; ҚР жоғары мемлекеттік сыйлықтарымен марапатталған тұлғалар; сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстан экономикасының дамуына қомақты үлес қосқан республикамызға танымал бизнесмендер мен меценат тұлғалардың есімі жинақталды.

Құрастырушылар бұл еңбектің әлі аяқталмағанын мәлімдейді. Кітап бірнеше томнан тұрады. ҚазҰУ жылнамасы түлектердің істерінде жалғасын табады.

Мерекелік бірінші басылым Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырдағы интеллектуальдық элитасы мен отандық жоғары мектептің тарихына қызығушылық танытқан барша қауымға арналады.

Еңбектің жарияланып шығуына демеушілік жасаған университет түлектері Тахиржан Баратов пен Алмасадам Сатқалиев болды. Сондай-ақ, университет Мұрат Әуезов пен Мұхтар Әуезов атындағы қоғамдық қорға және осы қордың мүшесі Олжас Сүлейменовке үлкен алғысын білдіреді.

Кітаптың тұсаукесері мына мекен-жайда өтеді: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71, ҚазҰУ, Ғылыми кеңестің мәжіліс залы (ректорат, 15 қабат).

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі