Жаңалықтар

ҚазҰУ түлектерінің мерейтойлық кездесуі

15-қыр-09

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. 17 қыркүйек, сағ. 10.00. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75-жылдық мерейтойына арналған ҚазҰУ түлектерінің кездесуі өтеді.

Бұл күні ҚазҰУ-дың бренді болып саналатын бас ғимарат - ректораттың алдында әр түрлі жас аралығында қарашаңырақты бітірген 120 мың түлек бас қосатын болады.

Салтанатты мерейтойлық кездесуді ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов ашады. Кездесуде Қазақстан Республикасының ғылымына еңбегі сіңген ҚазҰУ түлектерін арнайы ҚазҰУ-дың Күміс медальдарымен марапаттап, аттарын қарашаңырақ тарихында мәңгілік жазып қалдыратын болады.

Мерейтойлық кездесуде «Біздің элита. Наша элита» атты бірегей кітаптың тұсаукесері өтеді.

Аталмыш еңбекте Қазақстанның тұңғыш университетінің түлектері мен олардың мемлекет мәртебесіне, ғылыми және білім беру, мәдениет, қазіргі заман бизнесін қалыптастыру жұмыстары мен экономикалық инновация салаларына қосқан үлесі баяндалады. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, өз саласының кәсіби шеберлері мен ғұлама ғалымдар; Лениндік, Мемлекеттік КСРО жүлдесі мен ҚР билігі бекіткен аталмыш жүлделердің лауреаттары; ҚР-дың экономикалық ахуалына үлес қосқан мемлекеттік иегерлер, атақты бизнесмендер мен меценаттар бар.

Салтанатты кездесу рәсімінде университет студенттеріне арналған Түлектер үндеуін қабылдайды. Түлектер Ассоциациясының университет үшін маңызы зор.

Салтанатты рәсімнен кейін түлектер Шығыс елінің ғұлама ғалымы Әбу-Насыр әл-Фараби ескерткішіне гүл шоғын қойып, Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайындағы мерейтойлық көрмеге барып, студенттердің ұйымдастыруымен салтанатты сауық кешін тамашалайды. Естелік түрінде қонақтар Түлектер аллеясына ағаш отырғызатын болады.

Кездесу барысында түлектер туған факультеттерін, аудиториялар мен кітапханаларын аралап, студенттермен әңгімелесуге мүмкіндіктері болады.

Мекен-жайымыз: Алматы қ., әл-Фараби даңғылы, 71, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ғылыми кеңес залы (ректорат, 15 қабат).

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі