Жаңалықтар

М.Әуезов: «Университет есін жиған елдің парасаты, ғылымның алтын бесігі»

09.10.2009

28 қыркүйек күні Алматыда «М.Әуезов және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» тақырыбымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Мерейтой қарсаңында дәстүрлі конференция қара шаңырақ ҚазҰУ мен осы қасиетті оқу орнының филология факультетінде, қазақ әдебиеті кафедрасында 30 жыл бойы (1934-1961жж.) ұстаздық жасаған ұлы жазушы, академик М.О.Әуезовтің шығармашылығына байланысты ұйымдастырылды.

Конференцияға алыс және жақын шетелдерден келген қонақтар қатысты. Олардың қатарында Манастану институтының директоры, академик Абдылдажан Ахматалиевтің (Қырғыз республикасы), Қытай Халық республикасының 1 дәрежелі жазушысы Шәміс Құмарұлының (ҚХР), ҚХР-дің 1 дәрежелі жазушысы Тұрсынәлі Рыскелдиевтің (ҚХР), М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Абайтану орталығы директорының орынбасары Жағал Шойынбет, С.Демирел атындағы Қазақ түрік университетінің проректоры, ф.ғ.д., профессор Дандай Ысқақұлы, «ДА» халықаралық журналының бас редакторы Мәлік Отарбаев және Әл-Фараби атындағы ҚазҰҰ Абай институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Жанғара Дәдебаев сынды мүйізі қарағайдай ғалымдар бар. Республикамыздағы жоғары оқу орындарынан танымал әдебиеттанушы ғалымдар, белгілі жазушылар, сондай-ақ докторанттар мен магистранттар алқалы жиында бас қосып, ғылыми сабақтастықтың өзіндік ерекшеліктеріне назар аударып, түрлі пікірлерін ортаға салды.

Конференция Мұхаңның туған күніне орайластырылып өткізілгендіктен, көненің көзін көргендер естен кетпес естеліктерін айтып, жастарды бір серпілтіп алды. ҚазҰУ-дың профессоры Тұрсынбек Кәкішев ақсақал әзіл-шыны аралас «Өзімнің жақын құрбым марқұм Зейнолла Қабдолов Мұхаңды меншіктеп, ешкімге бермейтін, «сендер дұрыстап сөйлесе алмайсыңдар» деп қасына жолатпайтын. Сөйтіп ол «Менің Әуезовімді» жазды» деді.

«Әуезовтің бай мұрасын зерттеу, насихаттау жұмыстары үздіксіз жүріп келеді. Әдеби көркемдік мұрасы өз алдына, ғылыми еңбектері де жас ғалымдардың ізденісіне сұранып тұр. Оның өмірі мен шығармашылығын талай ұрпақ өз дәуірінің талабына сай ғылыми еңбектердің негізіне айналдырары хақ. Мәселен, бүгінде «М.О.Әуезов шығармаларындағы тәуелсіздік идеясы» тақырыбын қарастырып жүрген жастар бар» - деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов.

Конференцияда академик-жазушы М.О.Әуезовтің шығармашылығы мен ғылыми зерттеу еңбектерінің басты бағыттары және қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті арасындағы байланыстар, сондай-ақ М.О.Әуезов мектебінің дәстүрі мен шығармашылығы жайлы жоғары мектепте оқытудың келелі мәселелері секциялық мәжілістерде қаралды.

ҚазҰУ-дың профессоры Зейнол-Ғабден Бейсенғали «М.Әуезовтің ҚазМУ жайлы пікірі» тақырыбында оқыған баяндамасында, «Университет есін жиған елдің парасаты, ғылымның алтын бесігі» деген сөзін келтірді.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі