«Содружество» бухгалтерлер мен аудиторлар ассоциациясы (Мәскеу қ.) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Сағындық Сатыбалдин экономика ғылымындағы және білікті бухгалтерлер мен аудиторлар дайындаудағы жетістіктері үшін «Бухгалтердің алтын жұлдызы» ерекше белгісімен мараптталды.
Бұл - Ресей Федерациясының еңбек сіңірген экономисті ММУ-дің экономика факультетіндегі бухгалтерлік есеп және аудит кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.д., шетелдік қоғамдық академиялардың академигі, «Содружество» бухгалтерлер мен аудиторлар ассоциациясының президенті Анатолий Данилович Шереметтің құрметіне Ресейде тағайындалған жаңа кәсіби сыйлық. Мәскеуде болған кездесуге 50 елдің белгілі экономистері жиылды. Сағындық Сатабалдин достастықтағы 12 елдің ғалымдары арасында «Бухгалтердің алтын жұлдызы» ерекше белгісімен және сыйақымен марапатталған жалғыз адам.
«Анатолий Данилович мектебі экономикалық ортада кәсіби біліктілігімен дараланған. Оның ішінде ерекше алтын белгімен марапатталғандар қатарынан табылуы - мен үшін үлкен құрмет. Бұл зерттеу қызметі мен ғылым жолындағы қажырлы еңбектің белгісіндей болмақ. Осы марапат ғылымда шегара болмайтындығын тағы да дәлелдегендей» дейді профессор Сағындық Сатыбалдин.
Қазақстан Республикасындағы ғылым мен техника қайраткері Сағындық Сатыбалдин зиялы ойдың және ғылыми идеяларды нақты жүзеге асыратын тұлға. Жақында өзі қызмет істейтін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әріптестері мен экономист-ғалымдар ортасында жоғары бағаға ие болған «Қазақстан ғасырлар асуында» атты кітабының тұсау кесу рәсімін өткізді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі