Жаңалықтар

Әскери кафедра курсанттарының салтанатты әскери Ант қабылдау рәсімі өтті

27.06.2014

ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер құрамы 300-ден аса офицерге толықты.


«Әскери кафедра – түзел! Тік тұр!» осындай саптық бұйрықпен басталған салтанатты ант қабылдау рәсімі қалашықты дүр сілкіндірді. Далалық оқу-жаттығуларында жүздерін күн қақтаған курсанттардың серпімді дауысы да көңілге сенім ұялатарлықтай. Олар мемлекеттік тудың алдында туған халқы мен Отанына адал болуға ант етті. Әскери өмірге төселіп, қатаң тәртіпті серік еткен жас буынның иығына университет ректоры Ғ.М. Мұтанов атап өткендей жаңа, жауапкершілігі мен қиындығы мол міндет жүктеліп отыр. Әскери кафедра басшысы полковник Е.Х.Ишанов өзінің құттықтау сөзінде: «Отанды қорғау, өз халқына адал қызмет ету ата- бабаларымыздан бері дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан еліміздің әр азаматының қасиетті борышы саналады», - деді. Ол курсанттардың ертеңіне үлкен үмітпен қарайтынын жеткізді. ҚазҰУ әскери кафедрасының 1970 жылғы түлегі генерал-майор Қайдаров Рүстем Есімханұлының сөздері тыңдаушылардың жауынгерлік рухын, болашаққа деген сенімін оятты. Халқы алдында ауыр міндетті мойнына алған курсанттар салтанатты шеруге сап түзеп, алаңды айналып жүріп өтті. Жас лейтенанттардың орындауындағы дәстүрге айналған алғашқы офицерлік вальс көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Шара соңында қонақтар назарына әскери оркестр концерттік бағдарлама ұсынса, аэро-ұтқыр әскерлері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін, ал, гвардия сарбаздары сапта қарумен өнер көрсетті. Курсанттар кафедра басшылығы және оқытушылар ұжымымен естелік суретке түсті.

Әскери кафедра