Жаңалықтар

Сенат депутаты мемлекеттің жетекші оқу ордасының ұжымымымен жүздесті

02.12.2009

Таяуда Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында ҚР Сенат Парламентінің депутаты Төлеген Мұхамеджанов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы және оқу озаттарымен бас қосты.

Кездесудің басты мақсаты жақында ҚазҰУ-да Елбасының оқыған «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты дәрісін тыңдаған студенттердің көзқарасын білу еді.

Студенттер қауымы да бас қосуға белсенді түрде қатысты. Олар мемлекеттік қызмет пен шығармашылық жұмысты қатар алып жүрген тұлғамен көзбе-көз кездесуге асықты.

Қонақ бас қосудың мән-жайын түсіндіре келіп, жастардан мемлекеттегі саяси, қоғамдық және мәдени ахуалға деген көзқарастарымен бөлісуді сұрады.

Кездесуде қойылған бірінші сұрақ ауыл жастарына демеушілік көрсетіп, олардың қалаға қоныстануына арналды. Депутат бүгінгі таңда Қазақстанның еңбек нарығы тәуелсіз екендігін және мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып жатқандығын айтты. Сондай-ақ, кездесуде осы сұрақтың қойылуы қазіргі мемлекет тарапынан ауылға жас мамандарды тарту үшін ұсынылып жатқан бағдарламалармен сәйкес келуі сәтті болды. Т. Мұхамеджанов ауыл аймақтарға жұмыс істеуге жіберілген жас мамандардың тұрмысын қаладағы құдастарынан кем қалмайтындай етіп барынша қолайлы жасап беру керектігін ескертті.

Дағдарысқа қарсы іс-әрекеттерге бармас бұрын әр адам санасында «дағдарысты» жеңу керек дейді депутат. Елбасының дана басшылығымен мемлекетіміз дағдарыстың қиын-қыстау кезеңінен аман-есен өтті. Қазақстандық жастардың ғылым, техника, экономика салаларын жетілдіруде кәсіби шеберліктерін шыңдауы керек. «Күнделікті ізденіп, жаңалықтар ашуға тырысу керек. Елбасы сендерге сенім артып, болашаққа интеллектуалдық секіріс жасау үшін бар жағдайды жасап отыр», - деді өз сөзінде Т. Мұхамеджанов.

Сондай-ақ қонақ жастармен патриоттық сезім мен рухани азық жөнінде пікір алмасты. Т. Мұхамеджановтың айтуынша, адамның рухани байлығын өлшеп-санау мүмкін емес, сондықтан бұл сауал қоғам үшін аса маңызды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген халық даналығында шындық бар. Әр адамның санасы мен жүрегінде халқына деген шынайы сүйіспеншілік ұялағанда ғана патриоттық сезімнің мәртебесі артады. Осы бағытта ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұсынған ұлтты біріктіру доктринасы жан-жақты талқыланып жүр. Сенатордың пайымдауынша, қоғамдағы жемқорлықты тек патриоттық сезім ғана жеңеді.

Кездесудің басты кейіпкері атақты композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болғандықтан шығармашылық жөнінде сөз қозғалды. Студенттер депутаттың шығармашылық жолы мен саясатқа қалай келгендігін, жастық шақтың естеліктерін айтып беруін сұрады. Қадірменді қонақ сұрақтарға жауап бере отырып, музыкалық шығармаларын рояльда орындап берді.

Осылайша кездесудің сәні әнмен әрленген болатын. Бас қосудан кейін әр студент өз мемлекетінде арманына қол жеткізе алатындығына кәміл сеніп қайтты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі