Жаңалықтар

Қызылордада ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының тұңғыш бөлімшесі ашылды

04.12.2009

Таяуда Қызылорда қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығының тұңғыш бөлімшесі ашылды. Әзірше бөлімшеде осы аймақта мекендейтін 70-тей ҚазҰУ түлектері бар, бұл қауымдастықтың алғашқы толқыны ғана. Ашылу салтанатына ҚазҰУ Түлектер қауымдастығы төралқасының мүшесі Шәріпбек Әмірбеков қатысты.

Естеріңізде болса биылғы жылдың қыркүйек айында Алматыда алғаш рет ҚазҰУ түлектерінің мерейтойлық кездесуі өткен еді. Ол бас қосуда ҚазҰУ түлектер қауымдастығының президенті болып Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәми тағайындалды. Сондай-ақ түлектер қауымдастығының алғашқы отырысында республиканың аймақтарында, алыс және жақын шет елдерінде ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бөлімшелерін ашу мәселесі талқыланды.

Қызылордадағы ҚазҰУ түлектері үшін бөлімшенің ашылуы қуанышты жаңалықтың бірі болды. Бір салада талай жылдар бойы қызмет ететін әріптестер ҚазҰУ қарашаңырағын түлеп ұшқандарын білгенде таңырқап жатты. Жиын барысында ҚазҰУ түлектері ғылыми саланы дамытуда өзара байланыстарын нығайтып, жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға атсалысатындығын айтты. Ең алдымен жас ғалымдарды қолдау мақсатында олардың ғылыми еңбектерінен тұратын жинақты шығару қолға алынды.

Қызылорда облысындағы түлектер қауымдастығы бөлімшесінің төрағасы болып облыс әкімінің орынбасары, саяси ғылымдарының докторы Мұрат Мұхамедов сайланды. «ҚазҰУ түлектері мемлекеттің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді. Біздің облыста ашылған қауымдастық бөлімшесі республика мен шетелдік аймақтардағы ҚазҰУ патриоттарына үлгі болатындығына сенеміз. Түлектердің қарым-қатынасын нығайту мақсатында жаңа жылға қарай облыс көлемінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектерінің кездесуін ұйымдастырмақ ойымыз бар», - деді сөз барысында М. Мұхамедов.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі