2015 жылғы 21 наурызда «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай «Бірлік» атты әр ұлттың әндері арасындағы байқауда ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4 курс студенті Хмелевская Валерия жеңімпаз атанды.
Валерия байқаудың 1 кезеңінде мемлекеттік тілде «Туған жер» әнін, ал 2 кезеңде орыс ұлтының өкілі болғандықтан «Мотылек» әнін орындап, әсем дауысымен елді тәнті етті. ҚазҰУ-дың атынан қатысып отырған Валерия әділ-қазылар алқасының шешімі бойынша ерекше көзге түсіп жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Кеш соңында жеңімпаздар Қазақ хандығының тарихы кітабымен, Шәмші Қалдаяқовтың әндер жинағының күйтабағымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.