Жаңалықтар

Аңдатпа. Әбіш Кекілбаевқа ҚазҰУ-дың құрметті профессоры атағы беріледі

21.12.2009

2009 жылдың 21 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік және ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлықтары мен Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Сағат 10.00-де мерейтойлық шара Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған «Әбіш Кекілбаев және замана шындығы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен ашылады.

Қарашаңырақтағы шараның салтанатты ашылу рәсімі Академик Бақытжан Жұмағұловтың алғысөзімен басталады. Сонымен қатар ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.к., профессор Серік Қирабаев, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Есім, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов, Қырғыз Республикасы Ш. Айтматов атындағы Әдебиет институтының директоры А. Ахматалиев, Қырғызстан Республикасы көпшілік кітапханалар ассоциациясының президенті, профессор Ж. Бақашева, С. Демирель атындағы университеттің профессоры, ф.ғ.д. И. Жеменей (Иран). Мерейтойға шетелден көптеген қонақтар келeді. Олардың қатарында Германия, Үндістан, Қырғызстан, Ресей және АҚШ ғалымдары бар.

Ғалымдар мен қонақтардың баяндамалары жазушы Ә.Кекілбаевтың әлемдік және отандық мәдениетке сіңірген ерен еңбегіне арналды. Оны ғасыр жазушысы дейді, оның шығармалары жалпыадамзаттық жетістік деуге болады. Қаламгердің шығармашылығы тәуелсіз Қазақстанның қазіргі әдебиетінің дамуымен тығыз байланысты, ал оның шығармашылық мұрасы ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің «алтын қорына» кіреді.

Қаламгер еліміздің Тәуелсіздік тарихын тек көркем шығармалары арқылы жазды деу, аздық етеді. Ол өзінің белсенді де, қуатты қоғамдық және саяси қызметімен тәуелсіз еліміздің тарихын жазуға ат салысты. Қазақ елі Ә.Кекілбаевтың сұңғыла саясаткерлігін бағалайды. Ол кәсіби Парламенттің тұңғыш төрағасы болып, еліміздегі парламентаризмнің қалыптасуына күш жұмсады. Мемлекеттік хатшы қызметіне де тағайындалды. Міне, бүгінде Сенат депутаты қызметінде де өз ісін ар алдындағы адалдықпен халқы үшін еңбек етіп келеді.

Нағыз таланттар бесігіне айналған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін, дархан даланың дарынды жазушысы, өз оқу ордасының түлегі Әбіш Кекілбаевтың мерейтойын тойлау үлкен мәртебе әрі мақтан.

Сағат 16:00-де Студенттер Сарайында өтетін мерейтой иесіне арналған жиынға қала әкімі Ахметжан Есімов қатысады. Осы жерде еліміздің беделді оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми Кеңесінің шешімімен Құрметті профессор дипломы мен мантиясы табысталады. Еліміздегі бас оқу орынның қабырғасында өткен керемет кештің қорытындысы мерейтойлық концерттік бағдарламамен тәмамдалмақ.

Біздің мекен-жайымыз: Алматы қ., әл-Фараби даңғылы, 71.

Сағат 10.00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми мәжіліс залы (ректорат, 15 қабат). Сағат 16.00-де Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер Сарайы

Қосымша ақпарат алу үшін: 377-34-34, 377-33-39 (ішкі нөмірі - 13-30), 8 701 90 77 164.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (727) 377 35 20