- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғалым әрі ұйымдастырушы тұлға
25.12.200923 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің 75-жылдық мерейтойы жылында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, егеменді Қазақстанның тұңғыш Білім Министрі Шайсұлтан Шаяхметұлы Шаяхметовты еске алуға арналған «Химиялық білім беру саласының қазіргі заманғы мәселелері» атты ғылыми конференция өткізді.
Университет басшылығы атынан бірінші проректор Зұлқайыр Мансұров сөз алды. Ол сөйлеген сөзінде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетін бітіргеннен кейін ғылыми-педагогикалық қызметін Қазақ мемлекеттік университетіндегі жоғары молекулалық қосылыстар кафедрасында бастаған Шайсұлтан Шаяхметовтың білім саласына сіңірген еңбегін атап өтті.
Қонақтар қатарында Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсаинов, ҚР ҰҒА академигі Еренғайып Шайхутдинов, Нотрдам (АҚШ) университетінің профессоры Александр Мукасьян, Қазақстан республикасы Жоғары мектеп академиясының академигі Қуанышбек Мұсабеков, «Химия Қазақстан мектебінде» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы Алтын Таишева және басқалары бар.
ҚР ҰҒА академигі Еренғайып Шайхутдинов өзінің сырлас досы жайлы жылы лебіздері мен естеліктерінде оның өз жұмысына деген адалдығын айтты. «Шайсұлтанның Білім беру Министрлігіндегі қызметі еліміздің тарихында үлкен әлеуметтік өзгерістерге толы 90-шы жылдарға келді. Мемлекетіміздің ұйымдасуы мен қалыптасуының сол кезеңінде маман дайындау мәселесі аса маңызды болды. Білім беру саласының болашағын болжай алатын ұлы қайраткер Ш.Ш. Шаяхметов бұл үрдістің демократиялық және инновациялық жолмен даму қажеттігін негіздей білді. Қазіргі ұлттық білім беру саясатының негізгі ұстанымдары - жоғары мектепті құқықтық қамтамасыздандыру, дипломдардың конвертациясы, әлемдік білім беру жүйесіне кіру - кезінде Ш.Ш. Шаяхметов салып кеткен сара жол», - деді академик Шайхутдинов.
Шайсұлтан Шаяхметовтың қызметін сөз еткенде, оның шет ел оқу орындарымен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтасудың экономикалық тиімді өлшемдерін дамытуды осы бағыттың негізгі жолы ретінде қалыптастырғандығын айту қажет. Ол халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын, мемлекеттік тіл үйрету орталығын ашып, бұл ұйымдардың жұмысының өркендеуіндегі білім беру жүйесінің бар буынындағы оқыту және тәрбиелеу ісінің сабақтастығына ерекше мән берген. Химия терминдерінен бірнеше қазақша-орысша сөздіктер шығарды.
Конференция жұмысына Жану проблемалары институтының, ҚазҰУ,Е. Букетов атындағы ҚарМУ және Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰПУ-дың физикалық-химиялық әдістерін зерттеу орталықтарының қызметкерлері қатысты.
Конференцияның ғылыми секцияларында химик-мамандар дайындаудың әдістемелік аспектілері мен университетте ғылыми зертеулердің ұйымдастырылуы жөнінде мәселе көтерілді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі