- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазақстанда Жапония мен жапон тілінің білгірлері алғашқы кездесуін өткізді
30.12.2009Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетінде «Жапонтану: қазақстандық және шетелдік тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.
Пленарлық отырыстың алғысөзін шығыстану факультетінің деканы т.ғ.д., профессор Нұржамал Алдабек және конференция қонақтары Алматы қаласындағы Жапон елшілігі өкілдігінің басшысы Масахиро Катамото, Цукуба университетінің құрметті профессоры - Масаки Онозава алды.
Конференция жұмысына Цукуба университетінің ғалымдары мен профессорлары қатысты, олардың қатарында: Юшими Нищимура, Масаки Оно, Тошинобу Усуяма, Томоко Хифуми, Жуниши Акаши, сондай-ақ жапонтану кафедрасының оқытушылары.
әл-Фараби атындағы ҚазҰу-Дың бірінші проректоры, х.ғ.д., профессор З.А. Мансұров іргелі оқу орынның халықаралық байланыстары мен перспективалы жоспарлары жайлы баяндады. Жапондық мамандар да баяндамалао оқыды.
Конференция қатысушылары өз жұмыстарын бес түрлі секция бойынша жалғастырды, атап айтар болсақ, «Университеттерді таныстыру. Университеттердің халықаралық байланыстары», «Жапон тілін оқыту әдістемесі», «Жапон филологиясы. Психология», «Жапония тарихы мен саясаты» және «Экология».
Секциялық отырыста жапон тілінің теориясы мен тәжірибесінің түрлі аспектілері, тіл үйренудің аясын кеңейтуде жапон тілін оқытудың тиімді тәсілдері қарастырылды. Сондай-ақ қатысушылар Жапониядағы саяси және діни мәселелерді, демографиялық жағдайларды, Арал мәселесін шешуде Қазақстан мен Жапон арасындағы ынтымақтастықты сөз етті.
Цукуба университетінің профессоры Масаки Онозава конференцияны қорытындылай келе, қатысушылардың баяндамаларын талқылап, Жапонтану кафедрасының оқытушылары дайындаған баяндамалар деңгейінің жоғары екендігін және ынтымақтастықтың алғашқы қадамдарын нығайту үшін 2010 жылдың қазан айында тағы бір конференция өткізу керектігін айтты.
Жапонтанушылар форумын ұйымдастыру Қазақстан мен Жапония мамандарының алғашқы ауқымды кездесуі болғандықтан өзекті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі