28 қаңтарда ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілі Олжас Сүлейменов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келіп, оқу орын ректоры Бақытжан Жұмағұловпен кездесті.
Кездесу барысында еліміздегі іргелі оқу орын мен әлемнің ірі халықаралық ұйымы екіжақты қарым-қатынас орнату мүмкіндіктерін қарастырды. Жекелей алғанда, шығыс ойшылы әл-Фараби мұраларын зерттеп, оларды насихаттау, зерттеулер әлемінде отандық ғалымдарымызды көпшілікке таныту, әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстан имиджін қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Оның ішінде ЮНЕСКО-ның 2010 жылы әл-Фарабиге арналған халықаралық конференция жұмысына ұлттық университеттің ат салысуы жайлы сөз қозғалды. Орталық Азиядағы тұңғыш әрі бірегей ЮНЕСКО кафедрасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғана бар екендігіне баса назар аударды.
- ҚазҰУ-дағы ЮНЕСКО кафедрасы ЮНЕСКО жұмысын насихаттауда үлкен іс атқарып келеді. Шындығына келгенде, кафедра осы аймақтағы біздің өкілдігіміз болып табылатындығын ескеріп, оның жұмысын жоғары бағалаймын. ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы орталығы болу ҚазҰУ сынды жетекші жоғарғы оқу орнынға аса қиын болмасы анық, - деді Олжас Сүлейменов.
Академик Бақытжан Жұмағұлов өз кезегінде ЮНЕСКО-ның Қазақ ұлттық университетіне білдірген сенімі үшін ризашылығын айтып, алдағы уақытта да оқу орын ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы гуманитарлық саясатын жургізе беретіндігін баяндады. ҚазҰУ-дың түлегі біздің еліміздегі ЮНЕСКО-ның өкілі ретінде беделі жоғары екендігіне тоқтала келіп, оның атағы Қазақстан аумағында ғана емес, әлем бойынша оқу орын мәртебесін арттыратындығын да айтты. Ректор ЮНЕСКО-мен жан-жақты әріптестікке дайын екендігін білдіріп, сөзін қорытындылады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі