Жаңалықтар

ҚазҰУ және Ұлттық ғарыш агенттігінің қарым-қатынасы нығая түспек

18.02.2010

12 ақпанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғарыштық жүйелер мен кешендер жасау жобаларын ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету жөнінде арнайы дөңгелек үстел өтті.

Кездесу алдымен ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың жолдаған хатынан басталды. Хатты ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков оқыды. «Қазақстанның жетекші оқу ордасы саналатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ талай жылдардан бері білікті мамандарды дайындап келеді. Сондықтан аталмыш шараны қарашаңырақта өткізуді жөн көрдік. Мемлекеттің индустриалды-инновациялық стратегиясы негізінде ең алдымен ғарыштық саланы дамытуға көңіл бөлініп отыр. Қойылып отырған талаптар жоғары. Қазіргі таңда тек Ресей мен Украинада арнайы мамандар дайындалып келеді, алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан ғарыш айлағында жұмыс істейтін білікті мамандарды дайындау Қазақстанның жетекші ЖОО-ға тапсырылды. Соның бір дәлелі - университет қабырғасында ашылғалы отырған аэроғарыштық факультеті»,- деп мәлімденген.

Отырысқа Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының, «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың, «Ғарыштық байланыс және радиоэлектроникалық құралдардың электромагниттік үйлесімдігі республикалық орталығы» АҚ-тың, «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей біріккен кәсіпорны, Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы АҚ-тың ғалымдары мен ғылыми қызметкерлері қатысты. Соның ішінде Сергей Мурушкин, Гүлжиян Қабдолова, Сәбит Мұрат, Марат Нұрғожин, Михаил Родионов және т.б. отандық және шетел ғалымдары баяндама жасады.

Отырыста ғарыштық жүйелер мен кешендер жасау жобаларын ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету, ғарыштық техникаларды пайдалануға енгізу, ақпараттық қамтамасыз ету құралдары талқыланды. Баяндамалар келесі тақырыптарда өрбіді: ғарыштық құралдарды жобалау және сыннан өткізгендегі гибридті жобалау мәселелері, оларды қолдануға енгізу және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ғылыми жұмыстарда пайдалану, жерді қашықтан бақылау мәліметтерін нарықтың дамуы үшін ғылыми-техникалық әріптестікті орнату, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз ғарыштық зымыран кешенін дайындау.

Мәжіліс барысында қатысушылар ЖОО-ның ғарыш құралдары мен жабдықтарын іске асыру жөніндегі барлық ғылыми жұмыстарға қатысу мүмкіндігін беретін арнайы қарар қабылдады. Құжат бойынша оларға жерді қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін ұлттық ғарыш жүйесін құру, мониторинг жүргізу, спутниктік навигация жүйесін қалыптастыру міндеттері жүктелген. Сондай-ақ, «Байқоңыр» ғарыш айлағының экологиялық қауіпсіздігін сақтау, жинақталған ғарыштық қару-жарақтардың базасын құру, ғылыми және экспериментальды базаны құру үшін ҚР-дың ғарыштық технологиясын дамыту, ғылыми-ағартушылық бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстары қолға алынбақ. Жасалған жұмыстың нәтижелеріне қарай түзетулер енгізіліп толықтырылады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі