БАҚ ҚазҰУ туралы

БАҚ ҚазҰУ туралы


12.10.2010 «Алаш айнасы» Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газеті

12 қазан, 2010 жыл

Инновациялық серпіліске түрткі болатын басқосу өтеді

22-23 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Болашақтың ғылымы» атты Халықаралық ғылым және білім конгресі өтеді. Университеттердің Еуразиялық қауымдастығы аясындағы конгреске М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, РҒА академигі В.А.Садовничий мен ҚР Білім және ғылым министрі, ҚР ҰҒА академигі Б.Т.Жұмағұлов мұрындық болып отыр.

Конгрестің мақсаты жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, инновациялық серпілісті қамтамасыз ету, ғылыми және білім бағдарламалары мен технологияларын дамыту мен жетілдіру мәселелерін қарастыру болып табылады. Бұл ғылыми жиында жоғары оқу орындарының, университеттердің еуразиялық қауымдастығы мүшелерімен қатар, Ғылым академияларының басшылары, шетелдік және ТМД мемлекеттерінің белгілі ғалымдары мен мамандары қатысады деп күтілуде. Еліміздегі ғылым мен инновацияның қатар дамуына үлкен қолдау болатын мұндай халықаралық бас қосулар әрине керек-ақ. Әсіресе, ғылыми кадрларды дайындаудың жүйесін реттеп, мамандардың инновациялық белсенділігін арттырады деп ойлаймыз. Әлемдік ғалымдардың идея алмасып, өзара пікір таласулары мен тәжірибе бөлісуі біздің елдің дамуына оң әсерін берсін деп тілейік. Бұл конгресс ғылым мен инновацияның ілгері дамуының зәру мәселелеріне байланысты әртүрлі ел ғалымдарының басын қоспақ.


12.10.2010 «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет

12 қазан, 2010 жыл

77 ауған студенті ҚазҰУ-де білім алатын болды

Жақында ғана ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ өкілдері Қазақстанда білім алуға келген ауғанстандық студенттердің бірінші тобын қарсы алған болаты.

Естеріңізге сала кетсек, 2009 жылдың қараша айында 5 жыл ішінде бір мың ауған азаматын қазақстандық жоғары оқу орындарында мамандандаруға орай екі жақты үкіметаралық меморандумға қол қойылған еді.

Қазақстанға білім іздеп келген 158 ауған студентінің 77-сі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алатын болды. Олар барлық жағдайы жасалынған, шетелдік азаматтарға арналған жатақханаға орналастырылды. Оларға мемлекеттік грант және шәкіртақы тағайындалды.

ҚазҰУ-ға табан тіреген ауғандық студенттерді ҚазҰУ-лің тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева, Халықаралық ынтымақтастық департаментіндегі халықаралық әріптестік бөлімінің басшысы Қайрат Жүніс және шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультетінің деканы Жазира Молдағалиева қарсы алды.

Шетелік студенттермен қатар, ҚазҰУ-ға Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Ағыбай Смағұлов та келді.

-Студенттердің 23-і – инженерлік-иехникалық, 9-ы – гуманитарлық педагогика, 15-і – құқықтық тәртіп, 10-ы – шекара жағдайларын күзету мамандықтары бойынша білім алатын болады. Оқу барысы негізінен қазақ және орыс тілінде жүргізіледі», - дейді Жазира Молдағалиева.


12.10.2010 «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет

12 қазан, 2010 жыл

ҚазҰУ-дің Тәжікстанда бөлімшесі ашылды

Енді Душанбеде «ҚазҰУ түлектер қауымдастығы» жұмыс істейтін болады. Бүкіләлемдік білім кеңістігіне батыл қадам басқан ҚазҰУ-дің бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан түлектері өз алдына бөлімше ашуды дәстүрге айналдырған еді.

Тәжікстанда ашылған түлектар қауымдастығына басшы болып филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдусаттар Нұралиев тағайындалды. Ол – ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің түлегі. 1968 жылы Тәжікстандағы университеттің шақыртуы бойынша сол жаққа журналистика факультетін ашуға атсатысу үшін арнайы шақыртумен барған болатын. Бүгінде сол елдегі «Тәжікстан-қазақстан» достық қоғамын басқарды. Ұлы Абайды тәжік тіліне сөйлетуде де ерекше үлесі бар.

Сондай-ақ «Абай және тәжік әдебиеті» атты кітаптың авторы, «Қазақ-тәжік әдебиетіндегі батырлық эпостар мен ертегелердің ұқсастығы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. «Тәжік-қазақ мәдени-әдеби байланысы» атты монографиясы Душанбеде басылып шыққан.

Алдағы уақытта екі мемлекеттің достығын одан әрі нығайту бағытында Тәжікстандағы қазақ диаспорасы туралы кітап шығару жоспарланып отыр.


12.10.2010 «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет

12 қазан, 2010 жыл

Жаңа заманға лайық «Жастар көзқарасы»

«Ел ертеңі – білімділігі мен белсенділігі қатар қалыптасқан жастардың қолында» деген сөз тіркесін жиі айтамыз. Елбасы да бүгінгі өскелең ұрпаққа үміт артатынын тілге тиек етуден жалыққан емес. Олай болса, жастарға жөн сілтеп, тәлімді тәрбие беру аға ұрпақтың басты міндеті болуы тиіс. Осы орайда жырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен және қалалық Жастар саясаты басқармасы мен университет ұжымының қамқорлық қолдауымен «Жастар көзқарасы» атты кең тақырыпта қаузаған форум өтті.

Жастар басқосуының негізгі мақсаты – бүгінгі жас буын өкілдерін мазалап отырған маңызды мәселелерді көпшіліктің талқысына салу. Оң шешім іздеу. Сонымен бірге жастар қоғамдық ұйымдарының ортасында тығыз байланыс орнатуға дәнекер болу, арада пікірталас алаңын ұйымдастыру. Форумға жиналғандар осындай көздеегн жоспарларына әбден жетті деуге болады.

Форум шеңберінде «Астана Групп» компаниясынң жетекшісі, белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов, «Атамекен Холдинг» қаржы-өндірістік тобы директорлар кеңесінің төрағасы Ұзақбай Айтжанов, Мәжіліс депутаты Бақыт Сыздықов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев сынды аға буын азаматтар студенттерге дәрістер оқып, заман ағымының тоқтаусыз дамуының алғышарттарымен, озық технология үрдістерінің ерекшеліктерінен жан-жақты мағлұмат берді. Арнайы ұйымдастырылған түрлі бағыттағы тақырыптарда студенттер баяндамалар жасады.


08.10.2010 «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы

08.10.2010 / 13:44

ҚР Білім және ғылым министрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымына жаңа ректорды таныстырды

АЛМАТЫ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымына, жақында Мемлекет басшысының Өкімімен жаңа ректор болып тағайындалған Ғалымқайыр Мұтановты таныстырды.

"Еліміздегі ең ірі университетті басқару - ол ең алдымен Елбасының үлкен сенімі және Мемлекет басшысының еліміздің білім жүйесі алдында қойған міндеттерді жауапкершілікпен атқару", деді Бақытжан Жұмағұлов.

Министр жиынға қатысқандарды Ғалымқайыр Мұтановтың еңбек жолымен таныстырды. Ол - техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының, Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының, Халықаралық шығармашылық академиясының, Халықаралық кадрлар академиясының мүшесі. Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласына еңбек сіңірген қайраткері. Ғалымқайыр Мұтанов бұған дейін Петропавл қаласындағы Жоғарғы техникалық колледжді, Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін, сонымен қатар, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетін басқарған.


06.10.2010 «Алаш айнасы» Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газеті

29 қыркүйек, 2010 жыл

Cтуденттер тіл сындырды

Тіл үйрету мәселесінде адамның жан дүниесін байы­татын, рухани тәрбие беретін мәдени-көпшілік іс-шаралардың маңызы зор. Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі республикада тұра­тын барша ұлт өкілдерінің ана тіліне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, ұлттық мәде­ниетіне құрмет көрсетілетін ортақ мереке ретінде ресми түрде атап өтіледі.

Аталған мерекеге орай әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық университетінде Тіл фес­ти­валін, Тіл апталығын және мере­келік іс-шара ұйымдастыру дәстүрге айналған. Университеттегі «Туған тілім – тірегім» фес­тивалі барысында әр факуль­теттің студенттері Қазақстанда тұратын түрлі ұлттың өкілдері аты­нан сөз сөйлеп, сол ұлттың биін билеп, салт-дәс­түрін паш етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­тетінде тілдерді қолдану мен дамыту­дың бағдар­ламасына сәйкес жүргізіледі. Аталған бағдарла­мадағы мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру мақсатында уни­верситетте тілдерді дамыту бөлімі жұмыс істейді. Оның бір дәлелі ретінде универси­тетіміздің оқытушы-профессорлар құра­мы Мемлекеттік тіл стан­дартын әзірледі. Стандарт жобасы қазіргі таңда екінші тілді үйренушілерге арналған стандарттарға қойылатын талаптарға сәйкес коммуника­тивтік-тілдік құзыреттілік мазмұн­да дайын­далды. Соны­мен қатар студенттердің тілдік ортасын қа­лып­тастыру мақсатында тілді үйренуге машық­танатын «Ағылшын» клу­бы, «Фран­цуз» клубы, «Ре­сей» клубтары жұ­мыс істейді. Шетелдік студенттерге арналған «Қазақ тілі» клубы жұмыс істейді, тыңдар­мандарға атал­ған саланың білікті маман ұстаздары дәріс береді.


28.09.2010 «Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

Жастарды не алаңдатады?

Алматыда жастар бас қосты. Бұл - Күлтөбе басындағы күндегі жиын емес, 2011 жылды республикамызда жастар жылы етіп жариялау мәселесі қаралып жатқандықтан, ел жастарының алдын ала үн қатып, тізе біріктіруі.

Форумның ұйымдастырушысы - «Бауыржан» қайырымдылық қоры болса, оған Алматы қаласы бойынша жастар саясаты басқармасы және еліміздің үздік жоғары оқу орны - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдау көрсетті. Форум жастар мәселесінің түрлі тақырыбын қозғады, лидерлік дәрістер оқылды, үздік баяндамашылар марапатталды. Түйіні - «жастар нені қалайды?» деген сауалға жауап іздеді.
Форумда көтерілген мәселелерді бастан-аяқ насихат ету мүмкін емес. Көңілге қонған, өзекті деп санаған негізгілерін сөз етейік. Әлқисса, жас сәулетші Тәшенов Жәлел әлеуметтік мәселені қозғады. Оның пікірінше, Алматы, Астана секілді ірі қалаларға оқуға не жұмыс істеуге келетін жастарды әлеуметтік жатақханалармен қамтамасыз ету керек. Әрине, бұл мәселе әкімшілікте де қаралған, бірақ тиімді шешіліп жатыр ма? Жәлелді алаңдататыны - осы жағы.
- Мәселенки,- дейді жас сәулетші. - БАҚ мәліметтеріне сенсек, Алматы қаласының бюджеті 2009 жылы 140 млрд теңгені құрады. Орта есеппен әр жылды осылайша алайық, сонда оның тым құрығанда 1 млрд теңгесін басқа қаладан келген жастарға әлеуметтік жатақхана салуға бөлейікші, көп мәселе шешілер еді. Бұл қаражат тым аз, түкке жетпейді дерсіз. Бірақ біз жатақханаларды тиімді етіп саламыз. Қаржылық жағынан да, тұрмыстық жағынан да. Қазір қалада салынып жатқан әлеуметтік үйлер есебінен алсақ, 1 шаршы метр тұрғын үй құны - 500-1500 АҚШ доллары аралығында. Егер 10 қабаттық үйдегі шаршы метр саны 9000 деп есептесек және әр шаршы метр құнын алдыңғы есеппен 1500 доллар етіп алсақ, үй құны 6750000 долларға шығады. Теңгеге аударсақ, шамамен бағанағы біз айтқан 1 миллиард теңгеміз шығады да келеді. Әлеуметтік жатақханалардағы әрбір бөлме 12 шаршы метр шамасында болсын, ол санитарлық талапқа сай келеді. Бөлмеде екі адамдық (2 қабатты) кереуеттер орналастыруға болады, шетелдік жатақханалардың көбі осылай салынады. Сонда есептей беріңіз, 9 мың шаршы метрге біз қаншама жастарды орналастыра аламыз. Олар жататын жер таппай, жетім бұрыш жағалап кетпес еді.
Жәлелдің мәселе көтеріп қана қоймай, оны шешудің жолдарын ұсынғаны да қуантты. «Жас келсе - іске». Жәлелдің ұсынысын тек оқуға не жұмысқа келген жастарға ғана емес, мүмкіндігі шектелген не балалар үйінен түлеп ұшқан жастарға да қолдануға болар еді. Форумда, сондай-ақ www.kazsocіum.kz социологиялық сайтының редакторы Айсұлу Молдабекова сөз алып, жастардың әлеуметтенуіндегі ауытқушылықтарды сөз етті.


28.09.2010 «Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

28.09.2010.

Ақын студенттер арасында

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия факультетінде белгілі ақын, әдебиетші, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Болат Шарахымбаймен кездесу болып өтті.

Тіл туралы тұңғыш заңның қабылданған құрметіне орай ұйымдастырылған бұл шара «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп аталып, оған аталған оқу орнынан көптеген студенттер мен оқытушылар қатысты. Бірінші гуманитарлық шет тілі кафедрасының аға оқытушысы Нағия Ештаева қонақты таныстырған соң, студенттер әр түрлі тілде Отан, ана тіліміз туралы ұлт зиялыларының, мемлекет қайраткерлерінің даналық сөздері мен ойларын мәнерлеп жеткізді. Одан кейін сөз алған Б.Шарахымбай еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бастап мемлекеттік тіл саясатының жүргізілу барысы, оның қысқаша тарихы, қол жеткізген табыстары, тіл майданы үшін курес, оның басты тұлғалары, қазіргі кездегі тіл түйткілдері туралы айтып берді. «Әлемде қазақтан асқан мәдениетті, кең пейіл халық некен-саяқ. Өкінішке қарай, көрешекті де сол мәдениеттілігінен көріп отыр. Қазақта «Жаман үйді қонағы билейді» деген сөз бар. Біз – соның зардабын басымыздан өткеріп отырған халықпыз. Тіл тағдыры жоғарғы биліктен бастап, әрқайсымызға қатысты. Сондықтан әр қазақ өз тіліне, өз Отанына, өз дініне берік болмай, көсегеміз көгермейді» деп қортынды жасады ол.


28.09.2010 «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет

Әуезовтің әлем әдебиетіндегі орны

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетінде М.Әуезовтің туған күніне орай дәстүрлі «М.Әуезов және әлем әдебиеті» атты Халықаралық ғылыми-теориялықконференция өтті. Оны филология факультетінің деканы, профессор Қ.Әбдезұлы кіріспе сөзбен ашты.

Аталмыш конференция жұмысына Т.Кәкішев, қалалық «М.Әуезов қорының» жобалар бойынша менеджері Т.Орлова, С.Демирел атындағы университет докторанты Шабан Айдоға, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «Абайтану» ғылыми орталығының жетекші қызметкері Жабал Шойынбет, Нұрболат Жұбанышбеков, ф.ғ.д. З.Бисенғали, Ж.Тілепов, Қ.Мәдібай, Ө.Әбдіманұлы қатысып баяндама жасады.

Пленарлық мәжілістен соң, конференцияға қатысушылар бірнеше секция бойынша жұмыс істеді. М.Әуезов атындағы дәрңсханада өткен конференцияның ең үздіктері жинақ болып басылып шығатын болды.


28.09.2010 «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет

28.09.2010.

Жастар мәселесі талқыға салынды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласы бойынша Жастар саясаты басқармасының «Жастар көзқарасы» форумы өтті.

Форумның негізгі мақсаты – қазіргі жастар арасындағы маңызды мәселелерді талдау және олардың қоғамдық белсенділіктерін арттыру үшін жасалынатын шараларды дамыту, жастар ұйымдарының арасындағы байланысты орнату, олардың негізгі шешу жолдарын көрсету үшін пікір-талас алаңын құру болып табылады. Аталмыш басқосу бұл көздеген мақсаттарына жетті.

Форум шеңберінде «Astana Group» компаниясының жетекшісі – Нұрлан Смағұлов, «Atameken Holding» қаржы-өндірістік тобының директорлар кеңесінің төрағасы – Ұзақбай Айтжанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты – Бақыт Сыздықова, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы – Нұрлан Өтешов сынды қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлер жастарға арналған көшбасшылық дәрістер оқыды. Сонымен қатар, жастар мен қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысқан алқалы кеңесте ізденуші-жастарға бағытталған ғибратты әңгімелер айтылды.