- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- БАҚ ҚазҰУ туралы
"Алматы ақшамы" газеті
25.03.2019БОЛАШАҒЫМЫЗ – БІЛІМДІ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – өзіндік салт-дәстүрімен бай, көпжылдық білім саласындағы және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол бірден-бір жоғары оқу орны. Рухани тағылымы мол, білім өресі биік жастарды дайындайтын еліміздегі іргелі оқу ордасы.
Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиістігін, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтты.
Расында да, жастар – кез- келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан ел тірегі – жастар екенін әсте естен шығармағанымыз абзал. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор. Мемлекетіміздің жастар саясаты рухани-мәдени құндылықтарға, еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке, ұрпақтар сабақтастығына, отбасылық тәрбиенің басымдығына негізделуімен де құнды.
Мәселен, білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, шет елде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. 2014 жылы іске қосылған «Серпін» бағдарламасының мақсаты – еліміздің оңтүстігіндегі жастарды кадр тапшылығын көріп отырған солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл, бір жағынан, жастар арасындағы жұмыссыздықтың азаюына да септігін тигізеді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту–2020», «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламалары бар. Ал «StartapBolashak» бизнес-жобалар байқауы ғылым мен технология, инновацияға жақын жас қазақстандықтардың танылуына мүмкіндік береді.
Халқымызда «білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты даналық бар. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Елбасы тұжырымдағандай, заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетімізге, тұрмысымыздың игілігіне жарата білу бағаланады. Оқу инемен құдық қазғандай, қиын, күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап етеді.
Бүгінде университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, академиктер еңбек етеді. Университетімізде кәсіби білім беру көпсатылы жүйесі бойынша 25 мыңнан астам білімгер мен магистрант білім алуда.
Айнаш ЕСЕКЕЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің аға оқытушысы, құқық магистрі.