Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде наурыз тойы тойланды. «Сәуір болмай, тәуір болмас» дегендей, жыл сайын Наурызға сәуірдің орта тұсының таңдалуы да орынды. Себебі, сыртта өткізіліп алыс-жақын шет елдерден, еліміздегі дипломатиялық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, ұлтымыздың көрнекті тұлғалары, белгілі ғалым, жазушы-ақындар, түлектер және қала әкімшілігінен, БАҚ өкілдерінен т.б. құрметті қонақтар шақырылды.
Әл-Фараби қалашығының сұлулығына енді осы күні ашылу салтанаты болып, келген қонақтар мен студенттер отырғызған алма ағаштары университет алма бағы да ерекше сән қосатын болады. Осы орайда құттықтау сөз алған университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығы шеңберінде жасалып жатқан бұл шараның саналарды жаңғыртудағы маңызын атап өтті. …Толастамай тұрған жауын да бейсенбіде саябырлап алдымен ректордың үлкен ақ үйі өз тұғырына орын тепті. Бірте-бірте факультет үйлері тігіліп, жұма күні кешке бас ғимарат алдында ақшаңқан ауыл пайда болды. Бір ерекшелігі тойға қатысты жазулар латын әріптерімен жазылды. Көпшіліктің ниет-тілегіне орай, сенбі таңертең аспан шайдай ашылып, ару күн нұрын төкті. Жиналған қауымның жаны жадырап, айнала құлпыра түсті. Студенттер дайындаған мерекелік концерт, ұлттық салт-дәстүрге негізделген театрландырылған көріністер көпшіліктің көңілінен шықты. Қызылды-жасылды ұлттық киімдер, қасиетті домбыра, алтыбақан, жылқы мен түйеден түзілген қазақы көш, қыран бүркіт, сауыт-сайман т.б. көңілге мақтаныш әрі қуаныш сыйлады. Әр факультет жыл бойғы тазалық, көрініс көрсету, үй тігу және безендіру, дастарқан жаюдан өзара жарысқа түсті. Нәтижесінде, ректор тарапынан жүлделі орындар мен диплом-алғысхаттар табыс етілді. Журналистика факультеті 12 қанат ақ үй тігіп, ұлттық бар сән-салтанатқа сай безендірді. Нәтижесінде, киіз үй тігуден 1-орынды иеленді. Факультет ер-азаматтары әл-Фараби, Абай, Шоқан және Алаш зиялыларын сомдап, көрермен тарапынан ерекше ықыласқа бөленді. Ұстаздар мен қыз-келіншектер ұлттық киімде жарқырай көрінді.
Гүлнар Сәмединқызы,
филология ғылымдарының кандидаты