Ағымдағы жылдың 17 сәуірі күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не Иран Ислам республикасының Шаһид Бехешти университетінен ректоры профессор Сейд Хасан Садуқ мырза бастаған делегация келді. Қадірлі қонақтарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры академик Ғалымқайыр Мұтанұлы бастаған университет ұжымы қарсы алды.
Екі жақты келіссөзде Әл-Фараби университетінің мұрындық болуымен қолға алынған «Иран-Туран» жобасы аясында Иран еліндегі түркі этностарының тілі мен мәдениетін зерттеуге Шаһид Бехешти университетінің атсалысуы ұсынылды. Бұл ұсынысты Иран тарапы жақсы қарсы алып, өздерінің көмектерін көрсететінін жеткізді. Ғ.М. Мутанов мырзаның «әл-Фараби» атындағы зерттеу орталығын Шаһид Бехешти университетінде ашу ойын Иран тарапы құптап, келісімшартқа қол қойды. Екі университеттің оқу бағдарламалары талқыланып, студенттер мен ұстаздар алмасу мәселесі көтерілді. Екі тарап өзара студент алмасуға және ұстаздардың біліктілігін арттыру үшін тәжірибеден өткізуге келісті.
Сөз барысында Ғ.М. Мутанов Алматы қаласында орналасқан Иран мәдени орталығымен тығыз байланыс жасалып жатқандығын және осы орталықтың екі ел арасындағы мәдени көпір миссиясын жоғары деңгейде атқарып жатқандығын тілге тиек етіп, орталық директоры Сейд Жавад Жалали Киясари мырзаға өз алғысын білдірді.
Қонақтар әл-Фараби университетінің кампусын аралап, біздің университеттің жетістіктерімен танысты. Өздерін қонақжайлықпен қарсы алғандығы үшін университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлына ризашықылтарын білдірді.
Шығыстану факультеті
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы

