17 қыркүйек, Гонконг политехникалық университеті Гуманитарлық ғылымдар факультеті Қытай тілі және билингвизм департаментінің директоры Давид Ли Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетіне келіп факультет деканымен және Қытайтану кафедрасының ұжымымен кездесті. Профессор Ли алдымен факультет деканы Ы.М.Палтөренің қабылдауында болып, екі факультет арасындағы қарым-қатынасты жандандыру мәселесін талқылады. Гонконг политехникалық университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастық соңғы 2-3 жылда қарқынды дамуда. Екі университеттің арасындағы келісім шарттың аясында, факультеттер арасындағы ғылыми-зерттеу және оқу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндіктер көп.
Қытайтану кафедрасының оқытушы профессорлар құрамымен, магистранттармен, докторанттармен болған кездесуде кафедра меңгерушісі Оразақынқызы Фарида, деканның ғылыми-иновация және халықаралық байланыстар бойынша орынбасары Серікқалиева Ажар, кафедра профессоры Мұқаметханұлы Нәбижан кезектесіп сөз алып, бүгінгі күні факультетте және кафедрада атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты таныстырды.
Өз кезегінде сөз алған профессор Ли осы сапар барысында үш міндетті көздеп отырғанын айтты. Яғни, бірінші кезекте, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен, факультетімізбен, оның ішінде қытайтану кафедрасының ұжымымен, зерттеуші-мамандарымен, ғалымдармен жақын танысу және Орта Азиядағы, Қазақстандағы қытай тілінің оқытылуы туралы көбірек білу.
Екінші міндет, тілдік, мәдени және коммуникациялық білім беру бағдарламасын (BDLCC), бакалавриат деңгейіндегі бағдарламаларын (BACBS / BAESP) алға жылжыту. Сонымен қатар, университетімізде оқитын дарынды студенттерге толық стипендия төленетін бағдарламаларды насихаттау.
Үшінші көздеген міндет, 2019 жылдың көктеміне жоспарланған келесі сапарларына алғы шарттар дайындау.
Профессор PPT қолдана отырып өз университеттері мен ұсынғалы отырған түрлі бағдарламаларын жан-жақты таныстырды. Гонконг политехникалық университеті ұсынып отырған бағдарламалар зерттеуші-ғалымдар мен магистранттардың, докторанттардың қызығушылығын тудырды.