Гуманитарлық
Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

Қиыр Шығыс кафедрасы оқытушыларының Талдықорған қаласының мектептерінде кәсіби бағдар беру жұмысы

26.09.2018

Қыркүйектің 25-і күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің оқытушылары профессор Юми Онищи мен Әліби Әріпұлы Талдықорған қаласындағы №25-ші және №16-шы орта мектептерде кәсіби-бағдарлық жұмыстарды өткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті мен ‘’Japan Foundation’’ қорының ортақ жобасы болып табылатын бұл кәсіби бағдарлық жұмыстардың негізгі мақсаты – Қазақстанның мектептеріндегі оқушылардың арасында жапон тілі мен мәдениетін оқып, үйреніп зерттеуге қызығушылығын тудыру. №25-ші мектептің директоры Топаев Орлан Сәбитұлы оқытушыларды жылы түрде қабылдап, олармен қысқа да әрі нұсқа түрде сұқбаттасқан соң қажет болған техникамен жабдықталған аудиториясымен қамтамасыз етіп, сол аудиторияға да оқушылардың келуін қадағалады. Жұмыс барысында профессор Юми Онищи аталмыш мектептің оқушыларына Жапония жайлы қысқаша сұрақтарды қойған соң оригами өнерінен бір сабақ өтті. Одан соң №16-шы орта мектеп-гимназиясына бардық. Бұл мектептің директоры Сүлейменова Салтанат Жаңылысқызы оқытушыларымыз мектептің табалдырығынан аттар аттамас өз орынбасарлары мен көмекшілеріне біздің жұмысымыздың сәтті өтуіне қажетті деңгейде жағдайды қарастыруын тапсырды. Директордың қызметіндегі жылдамдығының арқасында біз оқушыларға Жапониядағы білімнің игіліктері мен біздің университетімізде оқудың тиімділіктері туралы егжей-тегжейлі айтып бере алатын мүмкіндікке ие болдық. Оқытушыларымыз аталмыш мектепте де видеопроектор арқылы Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университет туралы және Жапония жайлы қысқаша мәліметтері бар видеоны ұсына алды. Келесі күні 26-шы қыркүйекте жоспар бойынша біз өз жұмыстарымызды жалғастыра отырып, қаладағы №4-ші орта мектеп пен Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18-ші орта мектеп-лицейге бардық. Бұл екі мектеп те оқытушыларымыздың іссапар себебі болып отырған кәсіби-бағдарлық жұмысына аса қызығушылық танытып, оқытушыларымыздың келуіне қарай аудитория толы оқушыларын дайындап қойды. Оқытушылармыз әдеттегідей өздерінің қолындағы ақпаратты баршаға оңай тілмен түсіндіріп, қойылған сұрақтардың бәріне жауап берді. Талдықорған оқушыларының арасында анимеге және жапон тарихына қызығатындары да табылды. Осылайша оқытушыларымыз қысқа мерзімдік іссапарында 100-ге жуық оқушыға жапон тілін оқу туралы жалпы керекті ақпаратты беріп үлгерді.