2018 жылдың 12 қазанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультетінің деканы Ы.М. Палтөре мырза Алматыдағы Пәкістан Ислам Республикасының бизнес саласының өкілдері, Star Sports International компаниясының бас атқарушы директоры Хабибуллах Ахтар мырза, MBA Management Президенті Хабиб Пирзада мырза, International Publishing House “Yellow Pages” маркетинг директоры Сарфараз Хуссаин мырзалармен достастық кездесу өткізді.
Кездесу барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстанған ғылыми-инновациялық бағыты, Шығыстану факультетінің жалпы жағдайы, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының, оның ішінде урду бөлімінің жетістіктері мен болашақтағы жоспарлары талқыланды.
Шығыстану факультетінің деканы Ы.М. Палтөре мырза әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның көпсалалы дамыған оқу орындарының бірі екенін тілге тиек етіп, білім беру бағдарламалары, ғылыми жұмыс пен кəсіпкерлік негіздері бойынша мықты екенін жеткізді. Жиын соңында пәкістандық қонақтар Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұстаздар құрамымен танысып, шығыстану мұражайын аралап, Махатма Ганди Орталығында үндітану бөлімінде білім алып жатқан урду және хинди тілдерін оқитын студенттермен танысып, шағын дөңгелек үстел өткізді.
Кездесудің басты мақсаты Алматыдағы Пәкістан Ислам Республикасының бизнес саласының өкілдері тарапынан урду тілін оқып үйренуге қолдау көрсету, сонымен қатар келешекте білім, ғылым және мәдени салаларында ынтымақтастықты арттыру үшін ортақ іс-шараларды жүзеге асыру болып табылады.



