Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі қытайтанушы, Қазақстанның Қытайдағы алғашқы елшісі, қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Ауэзовпен кездесу өтті. Кездесуге қытайтану саласына тікелей не жанама байланысы бар бірнеше белгілі тұлғалар, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар, Қазақстанның жалпы ахуалына бейжай қарамайтын қоғам қайраткерлері мен кітапхана оқырмандары, ЖОО-ның студенттері қатысты. Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының 1 курс студенттері эдвайзер Күнбай Ж. жетекшілігімен осы кездесуге тыңдарман болып барып қайтты.
Кездесу «Менің өмірімдегі Қытай» тақырыбында өтті. Өзінің қызмет жолы мен Қытайда өткізген күндері туралы баяндаган Мұрат Ауэзов кездесуге келген азаматтардың сұрақтарына да жауап беріп отырды. Одан бөлек, Қазақстандағы қытайтану саласы бойынша біраз мәселелер көтерілді. Сұрақ қойылды, сын айтылды. Кездесу соңында Қазақстандағы қытайтануды жоғары сатыға көтеру керек деген шешімге келген қытайтанушы-ғалымдар мен ЖОО өкілдері болашақта бірлесе жұмыс жасауға ниеттерін білдірді.