2018 жылдың қараша айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Жоғарғы оқу орындарындағы қытай тілін оқытудың инновациялық технологиялары» атты ғылыми-методологиялық дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шараға Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдықтың Бас консулы Чжан Вей мырза және Алматы қаласындағы қытай тілін оқытатын жоғарғы оқу орындарының өкілдері келіп қатысты. Дөңгелек үстел барысында Алматы қаласындағы қытай тілін оқытатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ, ҚазМҚПУ, С.Демирел атындағы университет, Халықаралық қазақ-қытай колледжі сынды жоғарғы оқу орындарынан келген оқытушылар мен Алматы қаласында орналасқан Конфуций иституттарының директорлары өзара қытай тілін оқытудың жаңа әдіснамасымен, оқу үрдісінде кездесетін қиындықтармен бөлісті. ҚХР бүгінгі таңда жүзеге асырып отырған «Бір жол бір белдеу» бағдарламасы аясында оқу-ағарту саласы бойынша қарым-қатынастың тереңдеуіне байланысты, Қазақстанда қытай тілінің оқытылуы күннен күнге сұранысқа ие болуда. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Аталмыш дөңгелек үстел бұл мәселені де сырт қалдырмады. Өз сөзінде ҚХР Бас консулы Чжан Вэй мырза Қытайда білім алып жатқан Қазақстан жастары, қытайдың мәдениеті мен тілін үйреніп қана қоймай, жаңа заманауи бағытта білім алып, іс-тәжірибе жинап қайтып келіп, Қазақстанның дамуына аз да болса өзіндік үлесін қосатындығына үміт білдірді. Сонымен қатар, Бас консулдық өз тарапынан ЖОО оқытушылары бірігіп оқулық басып шығаруына, зерттеу жүргізуіне, білім мен тәжірибелерін шыңдау мақсатында Қытайға жіберіп тұруда қолдау көрсететінін ерекше атап өтті.
Қазақстанда қытай тілін оқытудың түрлі мәселелерін қозғаған дөңгелек үстел қатысушылары өзара ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс атқаруға дайын екендіктерін білдірді. Осындай шаралар қытай тілін оқытатын ЖОО оқытушылары арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, ортақ мәселелердің шешімін табуға, оқу-ағарту жұмысында оңды нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізетіндігі ерекше атап өтілді. Шара соңында дөңгелек үстелге қатысушылар Бас консул Чжан Вэй мырзамен естелік суретке түсті.