Қараша айының 29-30 күндері Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулдығы мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті жанындағы Конфуций институтының қолдауымен Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасы «Халық жүрегінен жол тапқан жаңа Жібек жолы» атты 2-ші Қытай жайлы елтану зияткерлік сайысын өткізді. Аталмыш шараның мақсаты қытайтанушы-студенттердің оқитын елінің тарихы мен мәдениеті бойынша білімдерін және ауызекі тілінің деңгейін көтеру болып табылды. Сайысқа Алматы қаласындағы қытай тілі оқытылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазМҚПУ, Сүлеймен Демирел атындағы Университет, Қазақ-қытай тілдері халықаралық колледж сынды оқу орындарының студенттері қатысты. 29 қарашада өткен 1-ші кезеңде студенттер Қытай елтануы бойынша тестілеуден өтіп, өз білімдерін сынға салды. Тесттен жоғары ұпай жинаған 10 сайыскер 2-ші кезеңге жолдама алды. 30 қараша күні өткен ақтық сайыста қатысушылар әділ-қазылар мен түрлі оқу орындары мен ұйымдардан келген қонақтар алдында шешендік өнерден сайысқа түсті. Сайыстың тақырыбына сай әр студент қытайша өз ойын баяндап, әділ-қазылардың сұрақтарына жауап берді. Қытай елі мен қытай тілі бойынша жоғары білім нәтижесін көрсетіп, 10 студенттің арасынан озып шығып 1-ші орынды иемденген студент – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Қытайтану кафедрасының 4-курс студенті Ахметова Анель. Жеңімпаздарды құттықтауға ҚХР-ның Алматы қаласындағы Бас консулдықтың Бас консулы Чжан Вэй мырза мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің бірінші проректоры Бүркітбаев М.М. арнайы келді. Жеңімпаз студенттерге марапаттау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. 1-ші орын жеңімпазы болған Ахметова Анельге Қытай тарапы Қытай университетінде білім алуға мүмкіндік беретін оқу грантын табыс етті. Әділ-қазылар алқасы мен келген қонақтар студенттердің қытай тілі бойынша жоғарғы білім деңгейлерін ерекше атап өтті. Сайыстың ұйымдастыру деңгейін де сөзге тиек етіп, шараның жоғары деңгейде өткендігін жасырмады және елімізде 2-ші жыл өткізіліп отырған аталмыш шара болашақта да жалғасын табады деген үміттерін білдірді.