6-желтоқсан күні Жапонияның Қазақстандағы Мицубиши банк төрағасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті, Жапонтану кафедрасының ұстаздары мен студенттеріне арнайы дәріс оқыды. Мицубиши банк төрағасы, әйгілі София университетінің түлегі Иошихиро Уцуми мырза жалпы ішкі өнім ұғымы жайлы жапон тілінде таныстыра келе, Қазақстанның жалпы ішкі өнім құны, оның қазіргі жағдайы және жалпы ішкі өнімді есептеу жолдарына егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Қазақстанның жалпы ішкі өнім құны қазіргі таңда әлемдік рейтингіде 55-орынға тұрғандығы аталынды. Сонымен қатар, Қазақстан қоғамындағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған теңге бағамының өсуі мен құнсыздануының себебін студенттерге экономикалық анализ нақты көрсетілді. Соның ішінде Қазақстанның валюта нарығына шикі мұнай бағасы, Ресей рублі мен шетелдік инвесторлардың портфельдік инвестицияларының әсері түсіндірілді. Бұған қоса Қазақстанның таяу жылдар ішіндегі сыртқа сауда құны көлемінің өзгерісі, әсіресе экспорт пен импорт саласындағы басымдылықтардың Қазақстан экономикасына тигізген әсеріне баса назар аударылды. Күнделікті өмірімізбен етене байланыстағы экономикаға байланысты мәселелер арнайы маманның түсіндіруімен барынша түсінікті бола түсті.
Жапониядағы ірі банктердің көшбасшысы болып саналатын Мицубиши банк өкілдерімен әр жыл сайын кездесулерді ұйымдастырып отыру Жапонтану кафедрасының дағдысына айналған. Сан алуан өзекті тақырыптар төңірегінде өтетін бұндай кездесулердің студенттерге берері мол. Бұл жолғы кездесу де соның айқын дәлелі.