Факультет жаңалықтары мен оқиғалары
- Негізгі бет
- Факультеттер
- Гуманитарлық
- Шығыстану факультеті
- Факультет жаңалықтары мен оқиғалары
«Араб тілін оқытудың заманауи әдістері» атты республикалық семинардың жабылу салтанаты
26.02.2019
2019 жылдың 23-ші ақпан айында Нұр-Мүбәрәк Ислам Египет университетінде «Араб тілін оқытудың заманауи әдістері» атты республикалық семинардың жабылу салтанаты өтті. Аталмыш семинар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Нұр-Мүбәрәк Ислам Египет университеті және Мысыр мәдениет орталығының бірлесуімен 2019 жылдың 16-23 ақпан аралығында өткізілуге жоспарланған болатын.
Республикалық семинардың соңғы күнінде доктор Мухаммад Ражаб Абдулбари «Наһу, сарф (синтаксис,морфология) қағидаларын төрттілдік дағды арқылы үйрету» тақырыбында лекция оқып, бұл дағдыларды қалыптастыру барысындағы кедергілерді де атап өтті. Тыңдау және түсіну арқылы белгілі бір тақырыптар бойынша түсінік қалыптастыру; зер салып және көз жүгіртіп оқу арқылы түсінік қалыптастыру; оқуға дейінгі, оқу барысындағы және оқудан кейінгі тілді жаттықтыру тәсілдері; сол тілде әңгіме өрбіту және тақырыпты сезіне алу мен оны жазу арқылы бекіту тәсілдерін түсіндірді.
Алғашқы лекциядан соң қатысушылар үзіліске шығып, бір-бірімен пікір алмасты. Келесі дәрісті доктор Али Ибраһим абу Халифа: «Араб риторикасын мәтіндер арқылы үйрету» атты лекциясымен жалғастырды.
Семинардың қорытындылау сәтінде қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті. Әл-Фараби университетінің 87 жылғы түлегі, Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы Оразова Р.К. семинардан алған әсерін былай білдірді: «Нұр Мүбәрәк университетінің ректоры,профессор Мухаммед Шихат Ал - Жундидың "Араб емес тіл үйренушілерге араб тілін оқытудағы дұрыс концепция" атты дәріс өз уақытында басталып, ректор өз дәрісін араб тілінің фонетикасынан бастап, қазақ тілі әріптерімен салыстыра отырып, тұжырымдамасын білдірді. Араб тілінің әлемдік деңгейдегі маңызды орнына тоқтала келіп, профессор біраз тұшымды пікірлер айтты. Семинардың ұйымдастырылуы, техникалық құралдармен жабдықталуы, онлайн-лекциялар көңілімізден шықты. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз!»
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінің 1995 жылғы түлегі, араб тілі пәнінің оқытушысы Г.Е.Имашева:
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті және Мысыр мәдени орталығының ұйымдастырумен өтіп жатқан «Араб тілін оқытудың заманауи әдістері» атты оқытушыларға арналған республикалық семинардың маңыздылығы зор.
Семинарға қатысушы шетелдік және отандық ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті. Франциядағы المرصد الاروبي لتعليم اللغة العربية орталығынан онлайн-лекциялар жүргізілді. Семинар барысында араб тілін оқытудың жаңа заманауи әдістері, араб емес тіл үйренушілерге араб тілін оқытуда кездесетін қиындықтар мен кедергілердің шешу жолдары ұсынылды.
Осындай халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік семинарлардың ұйымдастырылып отыруы тіл үйретуші мамандардың кәсіби жағынан өсуіне мол себептігін тигізеді. Семинар ұйымдастырушыларына алғысымыз шексіз».
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Р.С Мухитдинов профессор Г.Е. Надированың «Scientific writing» секілді көп топпен жұмыс жасайтын дәрістердегі ұтымды әдістерді атап өтті: «1) Студенттер алдын ала берілген лекция тезисі бойынша жаңа сабаққа дайындалып келулері тиіс. Сабақ басталғанда оқытушы бес-алты минуттай қысқаша жаңа тақырыпты түсіндіреді. Одан кейін студенттерді топ-топқа бөліп, оларға тақырып бойынша әзірленіп қойылған сұрақтарға жарты сағаттай уақыт жазбаша дайындалу мұрсат беріледі. Дайындалу барысында студенттер электронды құралдар арқылы интернеттен мәліметтер іздей алады. Одан кейін екі топ өз әзірліктерін ортаға салады және бір бірлерін бағалайды әрі бағалау себебін түсіндіреді.
2) Лекция тақырыбы бойынша мәтіндерді параграфтарға бөліп, интернеттен жинақталған тиісті мәліметтерді осы параграфтарға сай жүйелеу. Өзара жазғандарын алмасып, пікір таластыру.
3) Жеке-жеке жұмыс жасату. Ол көп жағдайда эссе жаздыру арқылы іске асады. Эссе жазғанда төмендегілерге мән беру:
- жүйелілік;
- мәлімет реттілігі;
- мақсат, міндет және қолданылған әдістердің нақтылығы;
- қорытынды.
Студенттерге бір бірінің жұмыстарын оқыту және бағалату арқылы өз қателіктерімен жұмыс жасату».
Семинардың жабылу салтанаты қатысушыларды арнайы сертификаттармен марапаттаумен және естелік суретке түсумен тәмам болды.