Гуманитарлық
Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

Шығыстану факультетінде ҚР жалпы білім беретін мектептері түлектеріне кәсіби бағыт-бағдар беруге арналған АШЫҚ ЕСІК КҮНІ өтті

17.02.2023

16.02.2023 күні сағат 14.00-17.30 аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін орта мектептері мен гимназияларының түлектерімен кәсіби бағыт-бағдар беруге арнлаған Ашық есік күні ұйымдастырылды. Ашық есік күнінің басты мақсаты – мектеп түлектеріне мамандықты таңдауға кәсіби бағыт-бағдар беру, әрі олардың келешек мамандықтары жөнінде білімдерін арттыру. Іс-шараның бағдарламасы бойынша, алдымен келген мектеп оқушылары үшін факультет ішіндегі кафедралар мен зерттеу орталықтарын таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастырылды. Содан соң жиналған қауым факультеттің бірінші залына өтіп, келген мектеп оқушылары үшін жайылған шағын дастарханнан ауыз тиіп, студенттердің қағаздан арнайы жасаған «оригами» атты жапондық ұлттық өнерін тамашалады. Бірінші залда деканның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушілері, аға эдвайзер, кәсіби бағыт-бағдар беру ісіне жауапты оқытушылар мектеп түлектеріне факультеттегі кафедралар, игеруге болатын білім беру бағдарламалары, шетелде білім алу мүмкіндіктері және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде толыққанды ақпарат беріп, дайындап қойған презентацияларын көрермен назарына ұсынды. Ашық есік күніне Алматы қаласының №123 мектеп-гимназиясы, А.Розыбакиев атындағы №153 мектеп-гимназия, №173-лицей, №133-мектеп, №131-мектеп, №177 -мектеп, №36 -гимназиясы, М.Ганди атындағы мамандандырылған №92 мектеп-лицейі, Алматы облысы, Іле ауданы, №6 орта мектебі пен № 39 орта мектебі, Қаскелен қаласының С.Керімбеков атындағы орта мектеп «Дарын» мектебі, Қазақ-қытай колледжінің шәкірттері мен ұстаздары қатысты. Ал факультет студенттері келген қонақтар үшін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырып, араб тілінде сөз сөйлеп, қытай, корей, жапон тілдерінде ән айтып, би билеп, түрік тілінде өлең оқып, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ олар өздерінің оқу үдерісі мен студенттік өмірлерінің қыр-сыры туралы жан-жақты баяндап берді. Іс-шара соңында барлық қатысушылар бірге естелікке суретке түсіп, декан Н.Б. Ем тарапынан келген мектеп мұғалімдеріне белсенді қатысқандары үшін алғыс хат табысталды. Ашық есік күні жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өтті.

Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы

Тазабекова Гүлмира Бимуханқызы