Бүгін 13.10.2023 Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының үндітану бөлімінде Үндістандағы ҚР елшілігінің дипломатиялық миссиясының басшысы (елші кеңесшісі) Азат Серікбосынұлы қонақта болды. Азат Серікбосынұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті, үндітану бөлімінің 2007 жылғы түлегі. Кездесуге бөлім оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысып, елші кеңесшісімен ҚазҰУ және Үндістан университеттері арасындағы ынтымақтастықтыққа негізделген жоспарлар талқыланды. Дөңгелек үстел басында Азат Серікбосынұлы мен үндітану бөлімінің оқытушылары Қазақстандағы хинди тілінің оқытылу деңгейін, Үндістан мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастық және үндітану бөлімінің түлектерін жұмыспен қамтамасыз етілу мәселелерін қозғады. Сондай-ақ, Қазақстандағы үндітанудың ғылыми зерттелу деңгейі және оқытушылар мен жас ғалымдарды елшілік тарапынан қолдау жайлы сөз болды. Студенттер өз тарапынан Қазақстанда білім алып жүрген Үндістандық және Пәкістандық студенттермен тәжірибе алмасу мақсатында арнайы шығармашылық клубтар ашуды ұсынды. Бұдан бөлек Азат Серікбосынұлы өзінің студенттік шақтарындағы естеліктерімен бөлісіп, қызықты сұхбат өрбітті. Кездесу соңында оқытушылар мен студенттер Азат Серікбосынұлымен естелік суретке түсіп, жылы лебіздермен алмасты.
