Гуманитарлық
Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

Қытай тағамдары фестивалі

03.02.2016

Қытай мәдениетінің бөлінбес бөлшегі саналған – асхана мәдениетімен, ас мәзірімен көпшілікті таныстыру мақсатында 2016 жылдың ақпан айының үшінші жұлдызында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасы ұйымдастырып отырған «Қытай тілі апталығы аясында» қытай тағамдарын дайындаудан студенттер мен магистранттар арасында сайыс ұйымдастырды.

Сайыс шарты бойынша қатысушылар тағамның тарихы мен дайындалу әдістерімен таныстырып өтті және сол тағамның шығу тегіне байланысты қызықты оқиғалар туралы шағын қойылымдар көрсетті. Көңілге қуаныш ұялатқан басты нәрсе – сайыс барысында студенттер мен магистранттар өздері оқып отырған қытай тілін ғана емес, қытайдың сан-салалы мәдениеті мен тарихын, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін де терең меңгергені еді. Әсіресе 1 курс магситранты Қауымбек Қайсар мен 2 курс магистранттары Ушурова Шырынгүл Балтабекова Дана және Елемес Зүбираш дайындаған қытай тағамдары - «Гуңбао Цицзин» және « Дапанцзи» туралы жасаған қызықты да әсерлі қойылымдары көпшілікті тәнті етті. Студенттер сонымен бірге Қытайдың әр бөлігінің өзіне тән салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, қытай ұлтының тамақ әзірлеу жағынан да өзіндік айырмашылықтары турасында қызықты ақпараттармен қалың жұртшылықты таныстырып отырды. Қытайдың оңтүстік және солтүстік асханаларының өзіндік айшықтары, олардың ішінде де жиырма шақты салаға жіктелетіні турасында тың мағлұматтар беріп отырды. Қытай аспазшыларына ортақ ережелер туралы және әр асхананың дайындау әдістеріндегі түрлі тарихи оқиғалар туралы да баяндап өтті. Қытайлардың астың тек дәмді әрі көремділігімен ғана шектелмей, міндетті түрде денсаулыққа пайдасы, емдік қасиеттеріне де ерекше көңіл бөлетінін ерекше атап өтті.

Іс-шара барысында «Қытай тағамдары » атты деректі фильм көрсетілді. Сайыс соңында қытай ұлтының әндері мен билері орындалған шағын концерт қойылды. Іс-шараға келген қонақтар Ежелгi Қытайдың мәдениетiн, даналығын, пәлсапасы мен рухын бейне­лейтiн тағамдарының дайындалу әдістері туралы құнды мағлұматтар алды. Бұл іс-шараға еліміздегі қытай тілін оқитын түрлі оқу орындарынан келген қытай тілі оқытушылары, студенттер қатысты, сондай-ақ аталған іс-шараға Чехия Шығыстану институтының қытайтанушы ғалымдары – Андрей Клемиш және Вера Екснеровалар қатысып, біздің студенттердің жоғарғы білім деңгейін көріп, тәнті болды. Сайыс барысында Конфуций институтының мамандары мен қытайтану кафедрасының белді қытай тілі мұғалімдерінен құрылған әділқазылар алқасы құрылып, студенттердің өнеріне баға беріп отырды.

Іс-шараға келген қонақтар студенттер өздері дайындаған тағамдардан ауыз тиді. Іс-шара соңында қытайтану кафедрасының меңгерушісі Н.Мұқаметханұлы жеңімпаздарды арнайы мадақтау дипломымен марапаттады.