Ағымдағы жылдың жаңалықтары

Жаңа буындағы университет

27.03.2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов бастаған университет делегациясы М.Ломоносов атындағы ММУ-де (Мәскеу қ., РФ) өткен «Университеттер, қоғам және адамзат болашағы» халықаралық форумына қатысты. «Жаңа ұрпақ университеті: 4.0 траекториясы» тақырыбындағы қазақстандық жетекші жоғары оқу орны басшысының баяндамасы форумның қатысушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Форум жұмысына мыңдаған жетекші ресейлік және шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары, халықаралық ұйымдар өкілдері, Жапония, Франция, Германия, Ұлыбритания, Испания, Италия, Греция, Қытай, Қазақстан, Иран, Египет және басқа елдердің танымал мемлекеттік қайраткерлері мен сарапшылары қатысты.

Олар жаһандану дәуірі мен қазіргі заманның сын-тегеуріндері жағдайында жоғары мектепттерді дамытудың және ғаламдық ғылыми-білім беру, технологиялық және гуманитарлық кеңістікті үйлестіруде жоғары оқу орындарының рөлін арттырудың маңызды мәселелерін талқылады.

Форумның пленарлық отырыстары адамзаттың ғылыми-білім беру және мәдени дамуындағы университеттердің тарихи рөлін талқылауға, сондай-ақ қазіргі заманның жаһандық мәселелерін еңсеруге арналды.

Іс-шараны аша отырып, М.Ломоносов атындағы ММУ ректоры, Еуразиялық университеттер ассоциациясының президенті, академик В.А.Садовничий университеттердің қоғамдағы маңызды миссиясын атап өтті. «Гуманитарлық білім беруді барынша дамыту керек, ол тарих, мәдениет, ана тілі және өнерге назар аудара отырып, жаһандану жағдайында сөзсіз пайда болатын моральдық және рухани ауытқуларды теңгере алады», - деді ол.

Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғ.Мұтановтың жаңа буындағы университет үлгісін қалыптастыру тәжірибесі туралы баяндамасы жанды қызығушылық тудырды. «Төртінші буын университетінің моделі халықаралық тәжірибе негізінде жасалған және жоғары технологиялық әрі рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген. Ол жас ұрпақтың әлемнің азаматтары ретінде ізгілікті және тұрақты қоғам құруда әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған», - деді ректор. Бұл модель ҚазҰУ-да «әл-Фараби - Smart City» жобасы арқылы іс жүзінде көрініс табуда екендігін алға тартты. Форумның қатысушылары ұсынылған үлгіге қолдау көрсетіп, оның өзектілігі мен сұранысқа ие екендігін атап өтті.

Форум аясында, сондай-ақ, Еуразиялық университеттер ассоциациясының құрылтайы өткізіліп, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

www.kaznu.kz