Жаңалықтар

Жаңалықтар


19.10.2011 Эдмунд Маски 2012 магистерлік бағдарламасына құжат қабылдау басталды

Халықаралық Ынтымақтастық Департаменті Эдмунд Маски 2012 магистерлік бағдарламасына құжат қабылдау мерзімінің басталғанын хабарлайды. Маски бағдарламасы Қазақстан азаматтарына келесі мамандықтар бойынша Америка Құрама Штаттарында магистратурада білім алуларына мүмкіндік береді:

· Іскерлік басқару

· Экономика

· Білім беру

· Қоршаған ортаны қорғау саласын басқару

· Халықаралық қатынастар

· Журналистика және бұқаралық ақпарат құралдары

· Құқықтану

· Кітапхана ісі және ақпараттық ғылымдар

· Мемлекеттік басқару

· Мемлекеттік денсаулық сақтау

· Мемлекеттік саясат

Құжаттар 2012 жылдың 2 қарашасына дейін қабылданады.

Маски бағдарламасы АҚШ Мемлекеттік департаментінің бағдарламасы болып табылады және ол АЙРЕКС-пен (Халықаралық Зерттеу мен Алмасу бойынша Кеңес ) басқарылады.

Іс-шараға қатысты барлық жұмсалатын қаражаттар (жартылай финалдық сұқбатқа қатысуға Алматыға дейінгі жолақысы, жартылай финал және финал уақыт аралығындағы қонақ үйде тұру; TOEFL және GRE/GMAT емтихандарына тіркелу жарнасы, американдық виза құны, университетте оқуы және т.б. ) бағдарлама есебінен қаржыландырылады. Бағдарламаға қатысу үшін ешқандай тіркелу және басқа да жарналар қажет етілмейді.


19.10.2011 ӨНЕРЛІЛЕР ӨРГЕ ЖҮЗЕР

Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның 20-жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтуде. Соған дәлелдің бірі, әрі бірегейі жақында өткен, яғни, 17-18 қазан күндері қалалық студенттердің арасында өткен «VIVAT, Қазақстан!» әскери-патриоттық әндер байқауы болды десек артық болмас.

Аталған өнер фестиваліне өзге студенттерден бөлек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер клубының жанындағы Бақыт Есмұхамбетованың жетекшілігіндегі «Бақыт» би ансамблі, Алтын Айниязова жетекшілігіндегі «Вокал және эстрада» үйірмесінің әншілері), Саида Құрманғазиева жетекшілік ететін хор үйірмесі, Ғалымжан Сайлаубаевтің жетекшілігіндегі «Біз» театрының студенттері қатысып, жүлделі орындарға ие болды.


18.10.2011 Алдағы жұмыс жоспар қаралды

17 қазан күні кезекті ректорат мәжілісі университеттің дамуында ерекше маңызды келісімшарттарға қол қою рәсімімен басталды. Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен университет және тарих, археология және этнология факультеті, шығыстану факультеттері арасында, Қазақстан Республикасы Орталық ғылыми кітапханасы, ҚазҰУ мен шығыстану факультеті, Қазақстан Республикасы криминологиялық қауымдастығы, университет және заң факультеті басшылары әріптестік жөніндегі өзара үшжақты келісімшарттарға қол қойды. ҚР криминология қауымдастығы заң факультетінің 2-курс студенті Елнұр Еренатқа қауымдастық атынан арнайы шәкіртақы тағайындады. Ал Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің жедел криминалистік басқарма бастығы Мұхит Сүлейменов заң факультетіне тәлімгерлері тәрбиелеуде аса қажет көрнекілік оқу-криминалистік құрал-жабдықтарын сыйға табыстады.


18.10.2011 Үрқыз Илиеваның көшбасшылық дәрісі өтті

«География және табиғатты пайдалану» факультеті «Энергоэкология» кафедрасында Шығыс Әйелдері Халықаралық Экологиялық Ассоциациясы (ШӘХЭА) директоры Илиева Уркыз Злаудуновнаның көшбасшылық дәрісі өтті.


18.10.2011 Нобель сыйлығын екі мәрте иеленген ғалым атындағы аудитория, зертхана және бюст ашылды

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде екі әр түрлі саладан Нобель сыйлығын иеленген тарихтағы жалғыз әйел Мария Складовская-Кюри атындағы зертхана мен оқу дәрісі және ғалымның бюсты ашылды. Оған Алматыдағы Польша мемлекетінің бас консулы Веслав Осуховский, Поляк Химия Қоғамының президенті, профессор Богуслав Бушевский, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов және ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, сондай-ақ факультет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Тұсукесерде Серік Тұрарұлы: «Екі мәрте Нобель сыйлығына ие болған ғалымның атындағы зертхананың дәрісхана мен бюсттің ашылуы ғылымға деген үлкен қолдау деп білемін. Сол кісінің ғылыми қайраткерлігіне қарап, қазақ химиктерінің арасынан да тұңғшы Нобель сыйлығының иегерлері қалыптасар», - деген үмітімен бөлісті. Ал ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «химия саласы бойынша Мария Кюриге Нобель сыйлығын тағайындағанына 100 жыл толды. Сол себепті, БҰҰ 2011 жылды Халықаралық химия жылы және Мария Кюри жылы етіп жариялап отыр. Ол әр түрлі академиялардың, ғылыми орталықтардың және ғылыми қоғамдардың қадірлі мүшесі болып таңдалған, әлем әйелдерінің ішінде ең үздік ғалым болып мойындалды. Ол радиоактивтілік және радиация құбылыстарын ең алғаш ашқан адамдардың бірі», - деп ғалымның еркшелігін атап өтті. Сондай-ақ, екі әр түрлі саладан Нобель сыйлығын иеленген тарихтағы жалғыз әйел Мария Кюридің ашқан жаңалықтарымен Алматыдағы Польша мемлекетінің бас консулы Веслав Осуховский, Поляк Химия Қоғамының президенті де бөлісіп жатты.


17.10.2011 «Қазақстан Республикасының Ислам Ынтамақтастығы Ұйымындағы төрағалығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

16 қазанда «Талейран» Дипломатиялық клубы және Алматы қаласының Жастар Конгресінің ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде «Қазақстан Республикасының Ислам Ынтамақтастығы Ұйымындағы төрағалығы» атты тақырып аясында студенттер, магистранттар мен докторанттардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің құрметті қонақтары мен эксперттері ретінде Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің мәдениет бойынша кеңесші орынбасары Мохаммад Реза Саттари мырза, Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы елшілігінің жетекші маманы Юсуф Холов мырза және Алматы қаласы Әкімдігінің ЖОО-мен жұмыс бойынша бөлім бастығы Бақытжан Ақжаров мырза шақырылды.

«Талейран» Дипломатиялық клубының Президенті Ещанов Ильястың алғысөзінен кейін ХҚФ-нің 1-курс магистранты Жібек Бекетанның «20 жыл егемендік – 20 жыл тәуелсіздік» баяндамасы, 1-курс магистранты Төреғожин Тимурдың «Қазақстан Республикасының ИЫҰ-мен ынтымақтастығы» баяндамасы, және 3-курс студенті Бекзот Икромовтың «Аймақтық және экономикалық кеңістік: ИЫҰ рөлі» баяндамасы тыңдалды.


17.10.2011 Нагасаки қаласының әкімі Томихисо Тауэ көшбасшылық лекция өткізді

Философия және саясаттану факультетінің саясаттану бөлімінде Нагасаки қаласының әкімі Томихисо Тауэ «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту және ядролық қарусыздануға қолқабыс жасау» тақырыбында көшбасшылық лекция өткізді.


14.10.2011 Адам құқығы – мемлекеттің басты факторы

Тәуелсіз, зайырлы мемлекеттің ең басты капиталы – адам. Адам өмірінің мәнді де сәнді, мағыналы да, маңызды болмағы оның құқығының сақталуымен ерекшеленбек. Адам құқықтарының сақталуы, қорғалуы әсіресе, әлемге бейбітшілік брендімен танылып отырған қазақ елі үшін үлкен сын.

Әсіресе, 2010 ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен тұста адам құқықтарының сақталуы қандай, не атқарылды, қандай дамытар тұстары бар деген сауал арнайы мекемелердің бірегей жауабына айналды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Еуропалық қауіпсіздік ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық тұстағы адам құқықтарының сақталуын арнайы зерделеген баяндамаларымен бөлісті.

14 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «2010 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндамалардың тұсауын кесіліп, онда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клётцер, Ұлыбританияның Алматы қаласындағы Бас консулы Стивен Хиклинг және комиссия мүшелері Тастемір Әбішев, Виталий Воронов, және Герман Нұрбаев, Комиссия сарапшылары Салтанат Байқошқарова, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов және ғалымдар мен студенттер қатысты.


14.10.2011 Қазақ тілінің көсегесін жастар көгертеді

Бүгінгі студент – келешек маман. Тәуелсіз елімізден озық мемлекет қалыптастырып, оны әлемдік деңгейде алға жылжыту жастарға жүктелер үлкен жауапкершілік. Бұл орайда студент тек маманданып қана қоймай, кәсібилік пен ұлттық мүддені байланыстыра білу қажет. Ұлттық мүдденің ең ұлығы ана тілін терең меңгеріп, құрметтей білумен ерекшеленеді. Елбасы өз жолдауында Қазақстан тұрғындарына қазақ тілін меңгерудің сапасын арттыруды талап етіп отырған тұста сол талап үдесінен шығуды оңтайландыруда жастар да қалыс қалмауы қажет. Осы бағытта 13 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жастардың рухани орталығында қоғамдағы мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты арнайы алқасөз өтті. Басқосуға студенттермен қатар, «Алаш үні», «Мемлекеттік тіл ҚҚ», «Ұлт тағдыры», «Аллажар» секілді бір топ қоғамдық ұйым өкілдері мен «Руханият» партиясының басшылары қатысты.

«Ұлттық болмысты сақтап қалу үшін әркім өзінің тарихымен тәрбиелену керек. Өзінің ұлттық мәдениетімен, құндылықтарымен мақтануы қажет. Қазақ тілі дамыған тіл, алдымыздағы міндет оның аясын кеңейтіп, қажеттілігін артыру. Бұл олқылықтардың орнын тек жастарымыздың бойындағы ұлтқа деген сүйіспеншілік, тілге деген құрмет қана толтыра алады. Қоғамдағы қазақ тілінің саяси функциясын арттыруымыз керек», - дейді студенттермен қазақ тілінің құдіретін бөлісе келген жазушы-журналист Бейбіт Қойшыбаев. Сонымен қатар ол, ана тілінің құдіретін арттыра түсу үшін күнделікті қолданыста қазақша үндесіп, ана тілінде тіл қатысуға үндеді. Ал жазушы, академик, қоғам қайраткері Молдағали Матқан: «Қазақ халқында ешбір ұлтта жоқ ұлылық бар. Біздер, әсіресе мына отырған жастар сол ұлылықты айналымға енгізіп, ұлттың ұлылығын ұлықтай білу міндет. Сонда әр қазақтың баласы көсем, хан болатыны сөзсіз. Ұлт болмаса маманның да қажеті жоқ», - деп пікір білдіріп, студенттер бір жақты маманданып қоймай ұлт болашағы үшін, зиялылықтың маңызын түсінуге, ұлт зиялысы болып қалыптасуға бүгіннен шақырды. Академиктің айтуынша, ХХІ ғасырда қазақ жастары үшін асылдандыруды қолға алу қажет. Сонда ұлттық мүдде де, ана тілі де, ұлттық құндылықтар да өз дәрежесінде биіктей түспек. Сонымен қатар, ұлттық мүддеге басымдылық берілсе, мәдениеті мен әлеуеті дамып отырған қазақ ұлтының тілінің де аясы кеңейіп, елдік егемендіктің болмысы жараса түспек.


14.10.2011 Қалқаман Жұмағұлов - Алматы облысының "Құрметті азаматы"

Қалқаман Жұмағұлов – Алматы облысының «Құрметті азаматы» атанды. Ректорат мәжілісінде, университет ұжымының жиналысында елімізге және алыс-жақын шетелдерге белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері, Білім беру саласының Құрметті қызметкері, академик Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұловқа мәртебелі дәреже – «Алматы облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Осы жайлы облыстық мәслихаттың хатшысы Ардақ мауытқанұлы Сыдық: «Бұл мәртебе белгілі ғалым, академик ғалымға, әлеуметтік өмірге, халықтың мәдениеті мен рухани байлығына қосқан ерекше еңбегі үшін мәслихаттың шешімімен беріліп отыр» деді.