- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Латын әліпбиіне көшу – болашақ биігі
10.10.2017Білім саласының және тіл маманы ретінде қазіргі уақыттағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру саясатын қолдаймын. Себебі, біріншіден, тіл ауыспай, таңбаның ауысуы, екіншіден, қарапайым тілмен жеткізу, сөз немесе дыбыс қалай естілсе, солай жазылуы латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық болады деп ойлаймын. Әлемдегі халықтың 80 пайызы қолданатын латын әрпіне көшу озық инновациялар мен жаңа заманауи технологияға жақындаудың жолы болып табылады. Жастарымыз да осы арқылы электронды ақпарат құралдарын да жылдам игеретін болады.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», - деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы болып табылады.
Қазіргі заманда латын әліпбиінің қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор болып, үлкен беделге ие болып отыр. Дүние жүзінде ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде таратылатыны белгілі, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп.
Латын әліпбиіне көшу - еліміздің білімді жастарының қатарының көбеюіне, қазақ жастарының әлемдік деңгейдегі биік белестерден көрінуіне және дүние жүзіндегі жастармен тіл табыса алатын деңгейде болуына, кез келген ақпаратты, ғаламдық өзгерісті жастар түпнұсқадан алып, оқи алу дәрежесіне дейін көтерілуне қолдау болып табылады.
Бірнеше жылдан бері латын әліпбиіне көшу керек деп сөз болып, айтылып келе жатыр. Енді осы үдерісті іс жүзінде орындайтын кезі келді деп ойлаймын. Латын әліпбиіне көшу арқылы халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, біздің заманымызға жеткен сөз өнерін, қазақ әдебиетінің қайталанбас асыл мұрасын әлемге танытуға жол ашылып, қазақ елін әлем мемлекеттерімен жақындастырып, жарқын болашаққа бастайды деп үміттенемін.
«Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік», - дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінгі күні қазақ тілінің мәртебесі, қазақ тілінің тазалығы маңызды мәселе болып отыр. Негізі қазақ тілі жұмсақ, үнді, мәдениетті тіл. Латын әліпбиі қазақ тіліне ең жақын әліпби болып табылады. Шетелдегі отандастарымыздың елден хабар алуы да біраз жеңілдей түседі , себебі көп елдерде осы латын әрпі қолданылады.
Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу - қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашылып, еліміздің дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне өз септігін тигізетініне сенімдімін. Латын әліпбиіне көшу - білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке талпыну деп санаймын.
А.Е. Саденова
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасының доценті, ф.ғ.д.