Жаңалықтар

«Білімді жастар – мәңгілік елдің болашағы»

27.02.2018

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті деканы Ы.М. Палтөре бастамасымен оқытушылар құрамы мен студенттері Алматы қаласы Әуезов ауданы Қожа Ахмет Яссауи атындағы № 123 мектеп-гимназиясының мұғалімдері және 10-11 сынып оқушыларымен кездесті.

Кездесудің негізгі мақсаты – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы жолдауы мен «Йасауидің бүгінгі ұрпаққа айтары» атты баяндама бөлімінде Қожа Ахмет Йасауи мұралары мен ілімінің зерттелу мәселелерін талқылау.

Кездесуде Ықтияр Палтөре Жолдаудың ел өміріндегі маңыздылығына тоқталып, «Білімді ұрпақ – болашағымыздың негізгі тірегі», «Адами капитал – жаңғыру негізі басымдығы» бойынша жан-жақты толық мәлімет жасады.

Ы.М. Палтөре: Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері әлемнің мықты елдерімен үзеңгі қағыстыруға талпынып келеді. Әрине, Елбасы Жолдауының мақсаты – елімізді жаһандық бәсекеге қабілетті ету. Яғни, Елбасымыздың нақтылап берген саяси бағыты мен жоспарын бірлік пен берекемізді жарастырып, жұмылып жүзеге асыру міндетіміз болып табылады. Елбасы Жолдауы – болашақтың бағдары екендігі айғақ. Осы тұста биылғы Жолдаудың он бағытының ішінде әсіресе, жетіншісіне тоқталғымыз келіп отыр. Себебі, «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп Елбасымыз атап көрсеткендей, білім берудің жаңа сапасына көшуде бұл саладағы бағдарламаларды қайта қарап, жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту аса маңызды деп білеміз. Еліміздің әрбір азаматы өзінің сүйікті ісіне, қызметіне байланысты Жолдаудың бағытын іске асыруды көздеу керек деп ойлаймыз. Сонда жұмыла болашағымыз өскелең ұрпақты білімді етіп, іргетасын қалау мәселесі мектеп ұстаздарының алдына жүктелген міндет болып саналады. Білімді ұрпақ – біздің жарқын болашағымыз. Сондықтан Н. Назарбаевтың негізгі күшті адами капитал сапасын жақсартуға салып отырғанының астарында үлкен  мән бар, – деп мемлекетіміздің болашағы келелі ұрпақтың қолында екендігін дөп басып айтты.

Кездесу барысында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жолдауы талқыланып, «Йасауидің бүгінгі ұрпаққа айтары» баяндамасы жасалды. 

Оқытушылар мен тәлімгерлер 2018 жолдаудың жаңа бағыттары жайында өз пікірлерімен бөлісіп, Жолдауды орындауда қандай жұмыстар жасалыну керек, оны қалай іске асыру керектігі жайында сұрақтар қойып, жауаптарын алды. Сонымен қатар, қатысушылар Жолдаудағы көзделген 10 қадамды орындауда өз үлестерін қосуға сенім білдірді.

 Ал «Йасауидің бүгінгі ұрпаққа айтары» баяндамасында Қожа Ахмет Йасауи мұралары мен ілімінің зерттелу мәселелері айтылып, өзекті тақырыптарбойынша маңызды тақырыптар қозғалды. ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент м.а. Қыдыр Төре Еділбайұлы «Даналық сөзде тәлім бар» деген баяндамасында жастарды оқу-білімге, қарапайымдылық пен өмір құндылықтарын дұрыс ажырата білуге шақырса, Таяу, Орта Шығыс және Оңтүстік Азия  кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Ақбота Ахметбекова «Диуани Хикмет» еңбегінің жастар тәрбиесіндегі орны орасан зор екендігіне тоқталды.

Кездесудің ажарын аша түскен шығыстану факультетінің студенттері арнайы дайындаған «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» 8 шығыс тілінде (араб, түрік, корей, қытай, парсы, жапон, урду, хинди) бойынша мәнерлеп өлең оқуы отырысқа қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Кездесудің соңында Алматы қаласы Әуезов ауданы Қожа Ахмет Йасауи атындағы № 123 мектеп-гимназиясының директоры Бағила Ашимбаева, шығыстану факультетінің деканы PhD Ы.М. Палтөре мен ұжымына ерекше алғысын білдіре отырып,  болашақтағы бірлесе көптеген ғылыми жобалар мен олимпиада, әр түрлі ісшараларды бірлесе өткізейік деген ізгі ниетін білдірді.

ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің деканы, PhD, Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы кездесуді қорытындылай келе:

– Міне, Қазақстан Республикасы дамудың жаңа дәуіріне, тәуелсіздігіміздің үшінші мүшеліне қадам басты. Сол себепті, тәуелсіздігіміздің тұғыры мен беріктігі бекем болу үшін, әлемдегі алпауыт елдермен иық тірестіріп, бәсекеге қабілетті елге айналу үшін Жолдауды сараптап қана қоймай, жасөспірімдерге тәрбие мен білім беру қызметінде әр ұрпақтың санасына құю арқылы ат салысуымыз қажет. Сонда ғана Қазақ елінің келешегі кемелді, болашағы жарқын болмақ! Елбасы Жолдауы – тың серпіліс берді. Бұл оқытушылар мен ұстаздар пікірі. Жылдың басты құжатын ұжым болып талқылаудың нәтижесінде көптеген мәселелердің шешімін қарастыра алдық. Соның ішінде әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлініп, дағдарыс кезіндегі еңбекақының көтерілгені жұмысқа деген құштарлықтарын арттыра түскендігін айтады.

Елбасы: «Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы бізде берік ұстайық ағайын! – деп баршамызды оқу-білімге шақырды.

Шығыстану факультеті

 ТҮРКСОЙ кафедрасы