- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғылымға қолдау көрсеткен COMSATS
05.04.2018
ҚазҰУ ректоры COMSATS ұйымының атқарушы директоры Cайед Мухаммед Джунаид Заид бастаған делегация өкілдерімен кездесті.
«1994 жылы құрылған 25 мемлекетті біріктіретін халықаралық ұйым бүгінде ҚазҰУ-дың ғылыми орталықтарымен бірлесе жұмыс жасайды. Мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды рөл атқаратын ұйым ғылым мен технология саласына айрықша мән береді. COMSATS-тың негізгі мақсаты барлық ұлттарды бір-бірімен тату бейбітшілік байланыс орнату арқылы ғылым мен техниканың қазіргі заманғы ресурстарын пайдалануды тұрақты жолмен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттау болып табылады. Осы тұрғыда ҚазҰУ әлемдегі беделді университетердің бірі ретінде жаһандық мәселелерді шешуді біз бірлесе қолға алдық», - деді атқарушы директор Cайед Мухаммед Джунаид Заид.
Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры COMSATS ұйымымен үш жылдық ынтымақтастық барысында бірқатар жобалар мен ауқымды шаралардың ұйымдастырылғанын атап, болашақта Пәкістанда Әл-Фараби орталығын ашуды ұсынды. Сондай-ақ ол қонақтарға медицина бағыты мен медициналық факультеттің белсенді дамуы туралы да ақпарат берді.
«Қазіргі уақытта медицинадағы мамандықтарды дамытуға, жалпы халық денсаулығына басымдық беріліп, болашақта клиникалық медицинада мамандықтарды дамыту жоспарланып отыр», - деді Ғалым Мұтанов.
ҚазҰУ-да Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарымен бірлескен медициналық орталық бар, осыған байланысты медициналық білім алуға ниет білдірген пәкістандық студенттер жайы да айтылды.
Жиын аясында тараптар COMSATS ұйымымен бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу, жас ғалымдар мен докторанттарды тренинг тағылымдамалардан өткізу, орталықтармен әрі қарай тығыз байланыс орнату, урду тілін оқыту мақсатында оқытушылар шақыру тәжірибе алмасу және ғылыми-зерттеу қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған өзара тиімді екіжақты дамыту мәселелерін талқыға салды.
Шара соңында COMSATS ұйымының атқарушы директоры Cайед Мухаммед Джунаид Заид аталған бағыттарда екіжақты қатынастарды дамытуға ерекше мән беріп, мүдделі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге әзір екендіктерін жеткізді.
Баспасөз қызметі