Жаңалықтар

Пәкістанның Төтенше және Өкілетті Елшісімен өткен Елші сағаты

09.04.2018

ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде Пәкістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбдул Салих Хан пен Алматыдағы Пәкістан Республикасы Өкілдігінің екінші хатшысы Басит Сәлім Шах және оның көмекшісі Манас Кәрібаевпен кездесу өтті.

Кездесуге шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре, филология ғылымдарының докторы, профессор  Әбсаттар қажы Дербісәлі, индолог Досова Сенмігүл және де Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының студенттері мен оқытушылары қатысты.

Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре Пакістандық делегацияға арнайы уақыт бөліп келгені үшін өз алғысын білдіре отырып, екі ел арасындағы достықтың берік әрі өзара ұқсастықтардың бар екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар аталмыш кездесу барысында ғылым және мәдениет саласында Пакістан-Қазақстан қарым-қатынасын одан әрі жандандыру және ҚазҰУ мен Исламабад қаласындағы Қаид Әзам атындағы Ұлттық университеті арасындағы бұрын жасалған келісім-шартты қайта жаңғырту сияқты мәселелер талқыланды.

Ал өз кезегінде Пәкістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбдул Салих Хан студенттер мен оқытушылар арасында тәжірибемен алмасу мақсатында ҚазҰУ-мен Исламабадтың заманауи тілдер ұлттық университетімен келісім жасасу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сенімгүл Наурызбайқызының Пәкістан елінен профессор қажеттілігіне байланысты Әбдул Салих Хан аталмыш мәселенің алдағы уақытта өз шешімін табатынын айтты.

Кездесу барысында тараптар басқа да мәселелерді талқылап, жемісті қарым-қатынасты одан әрі дамытуға уәделесті.

 

Шығыстану факультеті