- Негізгі бет
- Жаңалықтар
III Халықаралық Түркі дүниесі деректі фильмдер фестивалі
19.10.2018Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да III Халықаралық Түркі дүниесі деректі фильмдер фестивалінің қазақстандық бағдарламасы салтанатты түрде ашылды. Аталмыш шара Түркі әлемінің журналистер федерациясы және ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен өтті.
«Сегіз ел, сегіз шаһар, бір фестиваль» ұранымен өтіп жатқан фестиваль биылғы жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында басталып, Әзірбайжанның Баку шаһарында жалғасса, бүгін де қазақ еліне табан тіреді. Фестивальдің биылғы тақырыбы Ана, яғни Түркі әйелдерінің бейнесін ашып көрсету.
Кинофестивальдың салтанатты ашылу рәсімінде Түркі әлемінің журналистер федерациясының президенті Мендерес Дэмир, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев және де «Түркі анасы» фильмінің Қазақстан атынан қатысқан «Кәмила Әже» деректі фильмінің бас кейіпкері Кәмила Қасымова да шараның құрметті қонағы болды.
«Деректі фильмдер фестивалі түркі әлемі елдерінің көпқырлы мәдени өміріндегі маңызды және елеулі оқиғалардың біріне айналды. Жалпы түркі мұрасын сақтауға, рухани байланысты нығайтуға және де түркі тілдес елдердің шығармашылық интеграциясына арналған кинофестивальді өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Осы орайда түркі дүниесінің рухани құндылықтарын насихаттап кинофестивальді өткізуге ерекше үлес қосып жүрген Түркі әлемінің журналистер федерациясының президенті ұйымдастыру комитетінің төрағасы Мендерес Дэмир мырзаға алғысымыз шексіз» – деді, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұқамбетқали Бүркітбаев.
Кинофестивальдің географиялық аумағы жыл санап өсіп келе жатыр. Атап айтар болсақ биыл шараға Түркия, Қазақстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Кипр, Өзбекстан және Ресейдің (Башқұртстан және Татарстан) үздік шығармалары қатысуда. Фильмдер қазіргі әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық маңызы зор тақырыптарға, сондай-ақ жастарды тәрбиелеуге арналған.
Кинофестивальге 140-тан астам жұмыстар қабылданып, 12 фильм ақтық сынға өтіп, оның ішінен үздіктер таңдап алынған. Фестиваль ережесіне биылғы жылы көпшіліктің сұрауы бойынша өзгертулер мен толықтырулар еніп, кәсіпқойлар мен студенттер жеке-жеке сынға түсті. Ал келесі жылғы фестивальдің тақырыбы «Түркі Ата», яғни Түркі елдеріндегі ер адамдардың портреті жайлы деректі фильмдер сынға түсетін болады.
Кинофестивальдің шымылдығы ұйымдастыру комитеті арнайы ұсынған 8 түркі елі аналарының жан тебірентерлік сан қилы тағдырын ашып көрсететін «Түркі Ана» атты жинақталған деректі фильмдер топтамасы мен «Әл-Фараби – өркениет философы» фильмдерімен ашылды.
Одан бөлек кинофестиваль аясында «Кәмила Әже», «Sen Adam Mısın?», «1м2», «İsterdim Belgeseli», «Dişe Diş Söze Söz», «Ибн Сина» деректі фильмдерінің көрсетілімі болды.
Баспасөз қызметі
www.kaznu.kz