Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында Қазақстандағы Жапония елшілігінің экономика және экономикалық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Ишибики Юкио мырзаның Жапонияның экономикалық даму үрдісі жайлы арнайы дәрісі өтті. Дәрісте Жапонияның 1960-жылдардағы экономиканың қарқынды даму кезеңіндегі экономикалық саясаты мен ірі кәсіпорындардың қалыптасуы негізгі тақырып ретінде алынып, сол кездегі табыс деңгейін арттыру, Жапония арxипелагын қайта ұйымдастыру жоспарларына арнайы түсінік берілді. Тойота автокомпаниясының жұмысы үлгісінде автокөліктер өндірісінің дамуы мен оның мемлекеттің экономикасына қосқан үлесі жайлы айтылды. 1973 және 1979 жылдардағы мұнай дағдарысының автокөлік өндірісі мен жалпы Жапон экономикасына әсері талқыланып, дағдарыстан шығу үшін қолданылған жанармай шығыны жоғары автокөліктер сатуға тиым салу, қазба отындарын пайдалануды азайту сияқты амалдары қарастырылды. Сонымен қатар, жапон кәсіпорындарының өндіріс саласына енгізген жаңашылдығы, яғни теxнологияны дамытуға деген ізденісі, сапаға деген жауапкершілігі және тек Жапонияға тән өнімді өндіру барысында жасалынған жұмыстары жайлы терең түсінік берді. Үлгі ретінде, Жапонияда франшиза түрінде кең таралған “konbini”, яғни дүкендер жүйесі аталып кетті. Мұндағы басты ерекшелігі, тұтынушыларға тек тауарды ғана ұсынып қоймай, өзге де қолайлы қызмет түрлерін ұсынатындығы жайлы баяндады.
Дәріс соңында Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері сұрақ-жауап алмасып, дәріс танымдық тұрғыда пайдалы, әрі қызықты өтті.
www.kaznu.kz