- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ озық медицина орталығын құрады
29.01.2019Алматы қаласының №1 клиникалық ауруханасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Оңтүстік Корея мамандарының қатысуымен озық медицина орталығына айналады.
Еліміздің жетекші ЖОО ғылыми-зерттеу және білім беру медициналық-биологиялық кластерін құрудың екінші кезеңін жүзеге асыруға кірісті. Мемлекет басшысының қолдауымен ҚазҰУ жобасын жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласының №1 клиникалық ауруханасы сенімді басқаруға берілген.
ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов пен профессор Ли Бен Сок бастаған Енсе университетінің «Северанс» госпиталінің делегациясы қалалық ауруханаға іс-сапармен барды. Олар аурухананың инфрақұрылымы, операциялық блогы және емдеу бөлімшелерімен, оңалту және скринингтік орталықтарымен, зертханалардың техникалық жабдықталуымен танысты. ҚазҰУ ректоры және Оңтүстік Кореялық мамандардың медициналық мекеме ұжымымен кездесуінің басты тақырыбы халықты халықаралық деңгейдегі сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету болды.
Атап өтерлік жайт, Оңтүстік Кореялық әріптестердің қатысуымен университетте заманауи диагностикалық орталық және қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі (медицина факультеті) ашылып, табысты жұмыс істеуде және онда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша медициналық кадрлар даярланады.
«Оңтүстік Корея іс жүзінде медицина саласында әлемдік көшбасшы болып саналады. ҚазҰУ Енсе университетінің «Северанс» госпиталімен бірлесіп әлемдік деңгейдегі клиникасы бар медициналық-биологиялық кластер құру жолында жұмыс істеуде. Қалалық аурухананы ҚазҰУ-дың сенімді басқаруына берудің басты мақсаты – медициналық білім, ғылым мен тәжірибені ұштастыру. Халықаралық тәжірибе, білім мен инновациялар аурухананы озық медицина орталығына айналдырып, халыққа жоғары әлемдік стандарттарға сай сапалы қызмет көрсетуге септігін тигізеді», - деп атап өтті кездесу барысында ректор Ғалым Мұтанов.
ҚазҰУ-дың диагностикалық орталығының директоры Эрнест Қалиев баяндама жасап, жиынға қатысушыларға клиниканың қазіргі жағдайы туралы баяндап берді. Атап өтілгендей, ауруханада науқастар үшін барлық жағдай жасалып қана қоймай, диагностика мен емдеудің озық технологиялары енгізілуде. Сондай-ақ, ол қалалық аурухананың ұжымымен бірлескен жұмыс жоспарлары мен шетелдік мамандарды қатыстыра отырып, аурухананың даму жолдарын тілге тиек етті.
«Северанс» госпиталінің бас директоры Ли Бен Сок клиникалық аурухананың тіркеу және анықтамалық қызметтерінің жұмысын, сондай-ақ оңалту орталығының деңгейін жоғары бағалады. «Әлемдік маңызы бар медициналық мекеменің негізгі міндеті – бұл қызметтің қарапайым түрінен күрделіге дейін кешенді қызмет көрсету. Біз ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты одан әрі дамытып, медициналық саладағы жобаларды іс жүзінде асыруға көмектесуге ниеттіміз», - деп атап өтті Ли Бен Сок.
Екі жақты кездесу конструктивті түрде өтті. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастық пен клиникалық аурухананы одан әрі дамыту бойынша кең ауқымды мәселелерді қарастырды.