- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Іле Алатауындағы медиа диалог
11.02.2019Тау-Тұран білім беру сауықтыру кешенінде ҚазҰУ-дың журналистика факультеті, Алматы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросы және ҚР БҰҰ Ақпараттық Бюросының қолдауымен бүкіләлемдік радио күніне арналған халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі болып өтті.
Канада, Жаңа Зеландия, Ауғанстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген журналистер, медиа мамандар және ғалымдардың тікелей қатысуымен өткен шара болашақ журналистер мен БАҚ өкілдері арасындағы медиа алаңға айналды. Медиа жиынның Алматы облысы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық саябағында өтуі келген шетелдік қонақтарға қазақ елінің көркем табиғатымен таныстыру да шарадан тыс қалмады.
Қысқы мектеп ашылуында Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы коммуникация және ақпарат мәселелері жөніндегі маман Сергей Карпов «Радио диалогты, төзімділікті және бейбітшілікті дамыту құралы ретінде» атты баяндамасымен таныстырды. Сондай-ақ ҚР БҰҰ Ақпарат Бюросының басшысы Абдурахим Мухидов, БҰҰ Жаһандық коммуникация департаментінің басшысы Властимил Самек, ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің Саяси тобының жетекшісі Аренова Алмаш құттықтау сөздерін жолдады. Шарада радионың диалог, төзімділік және бейбітшілік дамыту мен орнықтырудағы ортақ мәселелерді бірлесе шешудегі орны ерекше аталды.
Медиамектеп күндері шетелдік қонақтармен қатар, еліміздің барлық өңірлерінен келген студенттер мен журналистерге ерекше әсер еткен «Бейбітшілік, ауған журналистикасындағы диалогтық төзімділік» атты ауған журналистерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелге BBC жаңалықтар тілшісі Сафи Хамед, 1 TV NEWS репортері Нұракш Наргис, Tolo News репортерлары Шахид Аниса мен Ашрафи Набилла, Tolo News Magazine PR директоры Шахаби Роена, Америка үні репортері Садат Мар Жан қатысты.
Ауған қоғамындағы медианың рөлі жайлы дәріс оқыған Шахаби Роена тәжірибелік кейстер ұсынды. Шахид Аниса ауған еліндегі танымал тележурналист. Ол Ауғанстандағы журналистік білім беруден бастап журналистің күнделікті өмірінде кездесетін практикалық дағдылар жайлы әңгіме өрбітіп, студенттерге ауған журналистикасындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Медиа шарада профессор Рафис Абазов «Дамуға арналған коммуникация» білім беру бағдарламасын таныстырса, Орталық Азия университетінің профессоры Евангелия Папуатсаки «Толқындарды құру: коммуникацияны дамыту және әлеуметтік өзгерістердегі радио рөлі» жайлы семинар өткізді. Үш күндік шараға қатысқандарды бір тіл, бір мәдениетке біріктірген өнер кеші мен «Мәдениет диалогы» атты поэзия сағаты жиналғандарды жақындастыра түсті.