Жаңалықтар

Білім экспортының курсы

07.03.2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Стамбул қаласында (Түркия) өткен EURIE (Eurasia Higher Education Sumit) жоғары білім беру бойынша IV Еуразиялық саммит жұмысына қатысты.

Іс-шараның мақсаты – Еуразиялық аймақтағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету. Саммитті Еуразиялық университеттер бірлестігі ұйымдастырды. Іс-шараға әлемнің 70 елінің 200-ден астам жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Саммит аясында ашылған білім беру көрмесінде ҚазҰУ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны ретінде өз павильонын ұсынып, білім беру бағдарламалары мен зерттеу жобаларын таныстырды. Іс-шараға қатысушылар мен қонақтар университеттің жетістіктері жайында үлкен қызығушылықпен танысып, оның білім беру және ғылыми-инновациялық әлеуетін жоғары бағалады.

ҚазҰУ делегациясының жетекшісі, профессор Мехмет Арслан осындай іс-шараларға қатысу білім беру экспортының бағдарламасын жүзеге асыруда үлкен тәжірибе алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. «ҚазҰУ елдегі алғашқылардың бірі болып білім импортынан оның экспортына көшті. Бүгінде жоғары оқу орнында 900-ден астам шетелдік студент білім алуда, бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Мәселен, биылғы жылы Түркиядан жүзден астам студент оқуға түседі деп күтілуде», - деді коммерцияландыру жөніндегі проректор.

EURIE әлемдегі жоғары білім мен ғылымның үшінші көрме алаңы болып табылады, оның мақсаты Еуразиялық аймақтың ғылыми-білім беру әлеуетін әлемге таныту, сондай-ақ Түркия мен Еуразия елдерінің ЖОО арасындағы әріптестікті дамыту болып табылады.

www.kaznu.kz