- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Шығыстану бойынша білім сайысы
01.04.2019Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «Шығыстану» мамандығы бойынша студенттердің ХІ Республикалық пәндік олимпиадасы өтті. Биыл корейтану бөлімі бойынша Республикалық олимпиадаға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 27 студенті қатысты.
Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үш университеттің қатысушылары тіл, тарих, елтану бойынша тест тапсырмаларын орындап, корей тілінде «Мен үшін өмірдің мәні неде?» тақырыбында эссе жазды. Бұл кезеңнен үздік нәтиже көрсетіп, сүрінбей өткен 10 студент әділ-қазылардың назарына өздері дайындаған «Егер мен Кореядан бенчмаркинг жасасам» тақырыбындағы презентацияларын ұсынды.
Алматы қаласындағы Корея Республикасы Бас консулдығының вице-консулы Ли Джун Хо мен Алматы қаласындағы Корея Республикасы Білім беру орталығы директорының орынбасары Ким Су Ен билік еткен қазылар алқасы олимпиада қатысушыларының жауаптарын мұқият тексеріп, зор ынтамен тыңдап, еңбектерін бағалады. Екі кезеңді қорытындылай келе, олимпиада қатысушыларына 3 жүлделі орын бекітілді. Бірінші жоғары жүлделі орынды өзінің озық білімін көрсеткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасының 4 курс студенті Айжан Қайырғалиева иеленді. Екінші орынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасының 4 курс студенттері Әйгерім Сайлаукенова мен Меруерт Серік ие болса, үшінші орынды 3 студент – Л.Н.Гумилев атындаы ЕҰУ-дың 2 курс студенті Анель Тоқтарбекова мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасының 2 курс студенттері Гауһар Өтеген мен Құндыз Тұрысмағанбетова бөлісті. Олимпиаданың барлық жеңімпаздары арнайы дипломмен марапатталып, оларға демеушілер тағайындаған ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Аталған олимпиадада ҚазҰУ студенттерінің жоғары нәтиже көрсетуі үшін аянбай тер төккен корей тілінің оқытушылары Т.Н.Пак пен А.Б.Абағанның, корей тарихының оқытушысы Б.Ж.Ташкенбаеваның еңбектерін атап өткен жөн.
Алматы қаласындағы Корея Республикасының Білім беру орталығы, Алматы қаласындағы Оңтүстіккорейлік ірі кәсіпкерлік ассоциациясы, Қазақстандағы оңтүстіккорейлік орта және шағын бизнес ассоциациясы, Корея Республикасы корейтану Академиясы (Қиыр Шығыс кафедрасының шетелдік корейтану бойынша ғылыми жобасының зерттеу командасы) олимпиада жеңімпаздарына сыйлық тағайындап, демеушілік көрсетті.
Жыл сайын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде студенттердің шығыстану мамандығы бойынша Республикалық олимпиадасын өткізу дәстүрге айналды. Олимпиадаға қатысу студенттердің шығыс тілін игеруін жетілдіреді, шығармашылық қабілеттерін ашуға көмектеседі, өздері таңдаған мамандыққа, ғылыми-зерттеу қызметіне деген қызығушылықтарын арттырады, жетістіктерге жетуге жетелейді, өздері шыңдала түседі. Жалпылай алғанда, Республика деңгейінде мұндай олимпиаданы өткізу Қазақстандағы шығыстану ғылымының дамуына ықпал етіп, дарынды студенттерге қолдау көрсетуге тағы да бір мүмкіндік береді.