- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Студенттер арасындағы республикалық пәндік олимпиада 2019
01.04.2019Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінде «Химия», «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» және «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандықтары бойынша студенттер арасында Республикалық пәндік олимпиада өтті.
Онда Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттері өзара ашық түрде білімі, ептілігі мен икемділігі бойынша бақ сынасып, жеңімпазды анықтады. Жыл сайынғы өтетін Олимпиаданың басты мақсаты – жастарда шығармашылық ойлау дағдысын қалыптастыру және химия және химиялық технология саласы бойынша студенттерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталандыру.
Олимпиадаға 27 команда қатысты. Әр командада 1-4 курс күндізгі бөлімдерінде оқитын үш студенттен құралған. Қатысушылардың жалпы саны 81, олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Алматы техникалық университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеті, Семей қ., Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттерінен келген студенттер. Іс-шараның ашылу салтанатында химия және химиялық технология факультеті деканы х.ғ.к. Х.С. Тасибеков сөз сөйледі.
Олимпиада 2 тур бойынша өткізілді. БЗХТ және ОЗХТ мамандықтары бойынша бірінші турда қатысушылар компьютерлік тесттен өтті, онда студенттер тест сұрақтарына жауап берді. БЗХТ мамандығы бойынша екінші турда қатысушылар Қазақстан Республикасы өндірісінде кездесетін шынайы техникалық проблемаларды шешті. ОЗХТ мамандығы бойынша 2 турда қатысушалар ауызша түрде өздері таңдаған 5 пәнді қамтитын сұраққа жауап берді. Қатысушы тақырып пен сұрақтың күрделілік деңгейін таңдау құқығына ие болды. Химия мамандығы бойынша Олимпиадаға қатысушы студенттер алғашқы турда «5В060600–Химия» мамандығы пәндерін қамтитын есептер шығарса, екінші турда зертханада тәжірибелік есептер шешті.
Қатысушылар жұмысы мен жауаптары құзыретті қазылар алқасы мүшелерімен бағаланды, ол ҚазҰУ оқытушы-профессорлық құрамы мен өзге де ұйым өкілдерінен құралған.
Жекелей сайыста ҚазҰУ студенттері «Химия» мамандығы бойынша Тұрсұн Қазбек, «БЗХТ» мамандығы бойынша Ибраимов Заир және Жигалёнок Ярослав, «ОЗХТ» мамандығы бойынша Ауғанбек Бауыржан екі тур қорытындысы негізінде максималды балл жинап Олимпиада жеңімпаздары болып танылды.
Командалық сайыста үш мамандық бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командалары «Радиоактивные» («Химия» мамандығы), «Октоген» (сп «БЗХТ» мамандығы) және «КазНУ 2» («ОЗХТ» мамандығы) екі тур қорытындысы бойынша жоғары балл жинап үздік деп танылды.
Жекелей және командалық сайыста екінші, үшінші орын алған барлық қатысушылар мен командалар диплом мен сертификаттармен салтанатты түрде марапатталды.